Биыл Алматыда атаулы әлеуметтік көмек қалай беріледі?

Атаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) жаңа моделі бойынша көмек бір кездегідей тоқсан сайын тағайындалады, отбасының барлық мүшесі үшін АӘК мөлшері жан басына шаққандағы табыс пен кедейлік шегінің арасындағы айырма ретінде анықталады, ұсынылған жұмыстан бас тартқан еңбекке жарамды азаматтарға талап күшейеді, бала күтімінде отырған аналарға бала 3 жасқа келгенде еңбекпен қамтудың белсенді шараларына қатысу құқығы беріледі, учаскелік комиссияның қорытындысы бойынша АӘК берілмейтін отбасыларға жәрдемақы төлемеу заң жүзінде бекітіледі.

Жаңа модель бойынша көпбалалы отбасылар жеке санатқа енгізіліп, оларға жаңа жәрдемақы тағайындалады. Мемлекеттік жәрдемақы кәмелетке толмаған төрт және одан да көп баласы немесе күндізгі оқу бөлімінде оқитын 23 жасқа дейінгі студент баласы бар отбасыларға табысына қарамастан төленеді. Жәрдемақы көлемі әр балаға 10 625 теңгеден келеді. Мысалы, төрт баласы бар отбасыға төленетін жәрдемақы көлемі — 42 500 теңге, бес бала үшін 53 125 теңге, алты бала үшін 63 750 теңге, жеті бала үшін 73 375 теңге беріледі.

Атаулы әлеуметтік көмектің классикалық моделі қайтарылады. Алматыда 2019 жылдың қорытындысы бойынша атаулы әлеуметтік көмекті 12 183 отбасы алатыны белгілі болды. Жәрдемақы негізінен аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, жалғыбасты аналарға беріледі. АӘК алатындардың ішінен 424 адам еңбекпен қамтудың белсенді шараларымен қамтылған. Аз қамтылған отбасыларға АӘК төлеу жалғасады. Әлеуметтік көмек тағайындау үшін отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-інен кем болуға тиіс. Қазақстанның барлық өңірінде жаңа форматтағы АӘК алу үшін өтініш беру алфавит тәртібі бойынша жүргізіледі. Алматыда АӘК алу үшін өтінішті әлеуметтік әл-ауқат басқармасының 8 аудандық бөлімшесі мен Еңбекпен қамту орталығына беру қажет.

АӘК өітініш берілген күнге қарамастан толық айға төленеді. Мысалы, өтініш 15 қаңтарда немесе айдың соңғы күні берілсе, онда сол айдың төлемі толық есептеледі. Сонымен қатар өтініші берушілердің барлығында кем дегенде 6 айлық тұрақты немесе уақытша тіркеу болуы қажет. Ал еңбекке жарамды, бірақ ұсынылған жұмыстан бас тартқан отбасыларға АӘК тағайындалмайды және балаларға белгіленген жәрдемақы берілмейді.

АӘК-тің жаңа моделі бойынша 2020 жылдың 1 ақпанынан бастап көпбалалы отбасыларға қосымша кепілдемелі әлеуметтік пакет беріледі. Оған балалардың дене-жас ерекшелігіне қарай азық-түлік, мектеп жасына дейінгі балалар үшін балалар тағамы мен гигиена заттары, мектеп жасындағы балалар үшін мектеп формасы, мектептегі ыстық тағам, қоғамдық көліктегі жолақының 50%-і кіреді.

Сонда отбасы бұған дейін мемлекеттен әр балаға 21 мың теңге көлемінде жәрдемақы алған болса, енді осы пакетті есептегенде жәрдемақы көлемі 30 мың теңгеге дейін жетеді. Сонымен бірге 2-3 баласы бар отбасыларға орта есеппен қаржылай 10 мың теңгеден берілсе, қалған отбасылар бұл ақшаны кепілдемелі пакет түрінде алады.

Сапарбек Тұяқбаевтың мәліметінше, 2019 жылы Алматыдағы 12 183 отбасыға (жалпы 62 454 адамы бар) 7 миллиард 121 миллион 200 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек берілді. Көп баласы бар 661 отбасы баспаналы болды, қаланың «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында көпбалалы отбасылар үшін 284 пәтер алынған. Биыл тағы 500-ден астам отбасыға мемлекеттік бағдарламалармен үй беріледі. Мұндай отбасылардың 564 баласына балабақшада, 22 126 баласына мектепте тегін тамақ берілді. Қазіргі уақытта көпбалалы шаңырақ балалары үшін мектеп формасы мен кеңсе тауарларын алуға 575 миллион теңгеден астам қосымша қаржы қарастырылып жатыр.