Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Тәжікстанда күнде таңғы жаттығу істеуді заң бойынша бекітті

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Не болды?

Тәжікстан парламенті қабылдаған денсаулық туралы заң бойынша, азаматтар күнде таңғы жаттығу істеуге тиіс. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Аvesta.tj мәліметінше, Тәжікстанда мемлекеттік және жекеменшік ұйымдардың қызметкерлері күн сайын жаттығу істеуге міндетті. Парламент бекіткен денсаулық туралы заң бойынша, барлық ұйым қызметкерлері жаттығуға күніне кемінде 20 минут уақыт бөлуге тиіс. Заң жобасын парламентте таныстырған Тәжікстанның әділет министрі Музаффар Ашурийонның сөзіне қарағанда, жаттығу істеу талабы елдегі барлық мекеме, компания мен кәсіпорындарға ортақ.

Енді ұйым басшылары, яғни жұмыс берушілер қызметкерлер үшін жаттығуға қолайлы жағдай жасап, өздері де бұл үрдісті күнде орындауы керек. Бұл талапты орындалмаған азаматтар тәртіпке қатысты жаза мен ескерту алады.

Тәжікстанда қант диабетіне шалдыққан науқастардың көбеюі жаттығу туралы заң қабылдауға ықпал етті. Кейінгі жылдары тек егде жастағылар мен артық салмағы бар адамдар емес, жастар, еңбекке қабілетті азаматтар мен балалар да қант диабетімен ауыратыны анықталған. Үкімет қант диабетіне шалдыққан науқастарға тегін берілетін дәрілер мен құралдар тізімін бекітті. Сонымен қатар диабетпен ауыратын балалар жылына бір рет шипажайда тегін ем қабылдайды. Ресми дерек бойынша, 2025 жылы Тәжікстанда 82 мың адамның қант диабетімен ауыратыны анықталған. Республикалық эндокринология орталығының мәліметінше, науқастардың басым бөлігі — жастар мен орта жастағы адамдар.

Контекст

Естеріңізге салайық, 2023 жылғы дерек бойынша, елімізде 400 мыңнан аса адам бірінші және екінші типтегі қант диабетімен ауырады.

Мақалаға реакция