Анемия неден пайда болады?

Гүлзат Қопанова, дәрігер
Гүлзат Қопанова, дәрігер. Фото жеке архивтен

Анемияны «қаназдық» деп те айтады. Негізінде ол қанның мөлшерін емес,  қандағы оттегінің, эритроциттің немесе гемоглобиннің төмен екенін сипаттайтын ауру.

Анемия өздігінен пайда болатын, бөлек ауру емес. Оны басқа аурулар тудыруы мүмкін. Олар жұқпалы, қабыну, онкологиялық, ішекқұрт аурулары, патологиялық босану мен етеккір немесе тағы басқалары болуы мүмкін.

Оған сыртқы факторлар да әсер етеді. Дұрыс емес рацион, уақытында тамақтанбау, жарақаттанып, көп қан жоғалту, операция анемияны тудырады.

Анемия мына аурулардың немесе жағдайлардың әсерінен пайда болуы мүмкін:

  • геморрой;
  • жарақат;
  • ойық жара, асқазан аурулары.

Анемия ағзада кей заттардың жетіспеуінен де болады. Мысалы, В12 дәрумені мен фолий қышқылының, балаларда С дәруменінің тапшылығы және пиридоксиннің (В6 дәрумені) аз болуынан анемия болады. Бұл заттардың барлығы гемоглобин мен эритроциттің түзілуіне әсер етеді. В12 дәрумені мен фолий қышқылы адамның тұтынатын тағамында болмауы немесе өте аз болуы мүмкін. Оған алкоголизм мен нашақорлық, бауыр мен асқазанның созылмалы аурулары да әсер етеді.

Анемия ағзаға темірдің көп мөлшері қажет болған жағдайда да пайда болады. Ал темір мөлшері мына жағдайларда азаяды:

  • бала емізгенде;
  • жасөспірім шақта;
  • созылмалы ауру кезінде (өкпе, жүрек ауруы, абсцессы, сепсис).

Көбіне мына жұқпалы аурулар анемия тудырады:

  • туберкулез;
  • созылмалы бронхит;
  • бактериалы эндокардит;
  • бронхоэктаздық ауру;
  • бруцеллез;
  • өкпе абсцесі;
  • пиелонефрит;
  • остеомиелит.

Қаназдық жүктілік кезінде де дамиды. Өйткені ананың ағзасына баланың қалыптасуы үшін көп темір қажет болады. Қалыпты жағдайда әйелдің ағзасынан күніне 0,6 миллиграмм темір шығады, ал бұл сан жүктілік кезінде 3,5 миллиграмға дейін артады.

Теміртапшылығы анемиясы

Әдетте анемия болғандардың 90%-ында темір тапшы болады. Бұл көбіне операциядан немесе жарақаттан кейін де пайда болады.

Темір — эритроциттің маңызды компоненті. Ағзаға, әсіресе, осы элементті қалпына келтіру қиынға соғады. Адамда барлығы 4,4-5 грамм темір болады. Ол негізінен қан мен эритроциттерге беріледі. Ағзадан күніне 1 миллиграмм темір шығатындықтан оның орнын осыншалықты қайтарып отыру керек.

Теміртапшылығы анемиясы кезінде:

  • бас айналады;
  • құлақта шу естіледі;
  • көз бұлдырайды;
  • ентігеді;
  • жүрек қағысы өзгереді;
  • тері құрғайды;
  • бет-жүзі бозаң тартады;
  • тырнақ сынғыш болады.

Анемияның қандай деңгейлері бар?

Қаназдық төмен деңгейде болғанда оның симптомдары әдетте біліндейді. Ағзада темірдің жеткілікті болуы үшін дұрыс тамақтану, құрамында темірі бар дәрі-дәрмектерді ішу жеткілікті. Орташа деңгейде анемияның белгілері айқын біліне бастайды. Әлсіздік пайда болады, бас жиі айналып, ауырады. Ал жоғары деңгейі өмірге де қауіп төндіруі мүмкін. Теріде гипоксия пайда болып, жүрек жұмысы бұзылады.

Анемияның деңгейі гемоглобинге байланысты.

Анемия деңгейі Қандағы гемоглобин мөлшері, г/л
жеңіл 90-нан жоғары
орташа 70-90
жоғары 70-тен аз

Бұл жерде анемияның салыстырмалы және абсолют деп қарастыруды ұмытпаған жөн. Салыстырмалы кезде плазма артады, эритроцит саны өзгеріссіз қалады. Абсолют кезінде эритроцит саны азаяды.

Гемоглобин нормасы адам жасы мен жынысына байланысты. 12 жасқа дейін норма екі жыныста да бірдей болады. Есейгеннен кейін ер балаларда оның концентрациясы жоғары болады.

баланың жасы гемоглобин құрамы, төменгі шек, г/л гемоглобин құрамы, жоғары шек, г/л
0-2 апта 135 200
2-4 апта 115 180
4-8 апта 90 180
2-6 ай 95 140
6-12 ай 105 145
1-5 жас 100 140
5-12 жас 115 145

Әйелдердегі гемоглобин нормасы

жасы төменгі шек, г/л жоғары шек, г/л
12-15 112 152
15-18 115 153
18-65 120 155
65-тен жоғары 120 157

Ер адамдардағы гемоглобин нормасы

жасы төменгі шек, г/л жоғары шек, г/л
12-15 120 160
15-18 117 160
18-65 130 160
65-тен жоғары 125 165

Анемияны қалай емдеу керек? Қандай тағамдарды тұтыну қажет?

Алдымен анемияның өзін емес, оның пайда болуына әсер еткен ауруды емдеу қажет. Егер пациент аурудан айығатын болса, ағзадағы қан құрамы өздігінен дұрысталады.

Анемия кезінде темір тапшы болатынын жоғарыда атап өттік. Дәрігер оны қалыпқа келтіру үшін пациентке құрамында темірі бар дәрі-дәрмектерді тағайындап береді. Олардың құрамында В12 дәрумені, фолий қышқылы да болады.

Дәрілерді дәрігердің тағайындауынан соң ғана ішкен жөн. Өзідігінен емделгісі келген пациент денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін. Ағзада темірді арттыратын дәрілерді дозасынан артық пайдаланса, іш қатуы, геморрой, ойық жараның пайда болуына әсер етуі мүмкін.

Дәріханаларда әдетте құрамында темірі бар мына дәрілерді ұсынады:

  • Сорбифер;
  • Феррум Лек;
  • Тотема;
  • Мальтофер;
  • Тардиферон.

Сонымен қатар дәрігер құрамында А, D, E дәрумендерін де тағайындауы мүмкін.

Көп қан жоғалтқан жағдайда донор қанын құю қажет болып та жатады.

Қаназдықты ертеректе диета көмегімен де емдеген. Онда көбіне құрамында темірі мол өнімдерді тағайындаған. Олар:

  • ет:
  • балық,
  • жұмыртқа сарысы.

Өсімдіктерде де, әсіресе, бұршақ, жаңғақта темір көп болады. Дегенмен, көкөніс пен жемістерден алынған темір нашар (ет өнімдерінен 10 есе төмен) сіңіріледі. Бұны ескеру керек. Кальций, алкоголі бар өнімдер темірдің сіңуін тежейді. Шай, дәлірек айтқанда, құрамында танин бар шайлар да темірді сіңіруге кедергі келтіреді. Сондықтан шайды тамақтан бірнеше сағаттан кейін ішу қажет. Бал мен қант керісінше темірдің сіңуін жақсартады.

Фолий қышқылы аз кезде көк шөп, көкөністер пайдалы.

Құрамында мына заттары бар минарал суды ішкен де жөн:

  • темір,
  • сульфат,
  • магний гидрокарбонаты.