Bek Air әуе компаниясы лайнерінің апатынан барлығы 67 адам зардап шекті. Ауруханаға жатқызылғандардың арасында тоғыз бала бар. Алматы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл туралы Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Камалжан Надыров өткізген баспасөз мәслихатында айтылды.

Зардап шеккендерге көмек беру үшін Алматыдан және Алматы облысынан 86 бригада қызмет етті. Ауруханаға жеткізілгендердің бесеуі алғашқы жәрдемнен соң амбулатория емін алуға жіберілді.

Камалжан Надыров апат салдарынан барлығы 12 адам қайтыс болғанын, оның сегізі оқиға орнында, екеуі тасымалдау кезінде, жазылмайтын жарақат алған тағы екеуі ауруханада жан тәсілім еткенін айтты.

Қазір ауруханаларда 47 адам жатыр, оның сегізінің жағдайы аса ауыр, 38-і орташа ауыр деңгейде, біреуі орташа қанағаттанарлыққа жақын деңгейде жарақат алған. 10 ересек пен екі балаға операция жасалған.

Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасына 6 пациент жеткізілген, оның біреуі дәрігерлердің тексеруінен соң амбулаторияға (кейінірек ем алу үшін босатылды) жіберілді. Қалғандарының жағдайы «тұрақты ауыр» деп бағаланып отыр.

Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығына көп жарақат алған тоғыз бала жатқызылды, жетеуінің жағдайы тұрақты ауыр, екеуі орташа ауыр деңгейде. Тоғыз баланың екеуінің сынған аяғына операция сәтті жасалды.

Жедел жәрдем ауруханасына көп жарақат алған 14 ересек адам жектізілген, екеуі амбулатория емін алу үшін босатылды, 12 пациенттің жағдайы орташа ауыр дәрежеде.

№4 қалалық клиникалық ауруханаға 20 пациент түсті, өкінішке қарай, екеуі қайтыс болды, сегізі өте ауыр тұрақсыз жағдайда, тоғыз адам орташа ауыр жағдайда.

Орталық қалалық клиникалық ауруханаға зардап шеккен бес адам түсті, оның екеуі амбулаторияға босатылды, үшеуі орташа ауыр жағдайда жатыр.

Бір адам «Приват клиник» жеке ауруханасына өзі келген, оның жағдайы орташа ауыр, операция жасалады.

Ауруханаларда дәрі-дәрмек қоры жеткілікті, науқастар мен олардың туыстарына психологиялық көмек беріліп жатыр. Алматының қан орталығында қан қоры да жеткілікті.

27 желтоқсанда сағат 07.22-де Bek Air әуе компаниясының Алматы әуежайынан Нұр-Сұлтанға бағыт алған Fokker 100 ұшағы ұшып көтерілу кезінде бетон қоршауды бұзып, Гүлдала мен Әлмерек елді мекендері арасындағы екі қабатты құрылысқа соғылды. Апат салдарынан 12 адам қайтыс болды.

Бортта 93 жолаушы мен экипаждың бес мүшесі болған. Оқиғаның себебі анықталып жатыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Bek Air әуе компаниясының қызметі уақытша тоқтатылғанын хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған азаматтардың отбасына 4 миллион теңге көлемінде материалдық көмек беруді, қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіру үшін барлық әуе компаниясының жұмысы мен авиация инфрақұрылымы нысандарын тексеруді, қозғалған қылмыстық іс аясында ұшақ апаты себептерін анықтауды, кінәлілерді заңға сәйкес жауапкершілікке тартуды және Алматы әуежайының аумағына жақын орналасқан жеке құрылыстардың заңдылығын анықтауды тапсырды.

28 желтоқсан жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Сенбі күні еліміздегі Мемлекеттік Тулар төмен түсіріліп, барлық ойын-сауық шарасы тоқтатылуы керек.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!