Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Алматы хайуанаттар бағына АҚШ-тан канадалық сілеусіндер әкелінді

Фото: Depositphotos.com
Алматы хайуанаттар бағы жаңа тұрғындармен толықты. АҚШ-тан халықаралық жануарлар алмасу бағдарламасы аясында канадалық сілеусіндердің жұбы жеткізілді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Алматы хайуанаттар бағы мәліметінше, жаңа жануарлар 6 сәуірде АҚШ-тан жеткізілген. Халықаралық алмасу бағдарламасы аясында Алматы зообағы өз қорынан жыртқыш құстарды берген.

Келгеннен кейін сілеусіндер міндетті карантиннен өтіп, ветеринарлардың бақылауында болған. Қазір олар жаңа ортаға толық бейімделіп, келушілерге көрсетіліп жатыр. Зообаққа әкелінген еркек сілеусіннің жасы – үште, ал ұрғашысы – жеті жаста. Олар «леопардтар шеңбері» аумағындағы ұсақ жыртқыштарға арналған арнайы вольерлер кешеніне орналастырылған, — делінген хабарламада.

Мамандардың айтуынша, жануарларға қолайлы жағдай жасау үшін кең вольер, жасырынатын үйшік, салқындатқыш құрылғылар және тұман шашатын жүйе орнатылған. Олардың күнделікті азығына балық, сиыр еті мен тауық еті кіреді.

  • Канадалық сілеусін – Солтүстік Американың солтүстік өңірлерін мекендейтін ерекше жыртқыш. Ол қатал климатқа бейімділігімен, қалың жүнімен және қар үстінде оңай қозғалуға мүмкіндік беретін жалпақ табандарымен ерекшеленеді.
  • Бұл жануардың тағы бір айрықша белгісі – құлақтарының ұшындағы ұзын шашақтар. Мамандардың айтуынша, олар тек сыртқы ерекшелік қана емес, дыбыстарды жақсы қабылдауға көмектесіп, аңшылық кезінде маңызды рөл атқарады.
  • Сілеусіндердің қозғалысы да ерекше: олар жүрген кезде артқы аяқтарын алдыңғы аяқтарының ізіне дәл басады. Соның арқасында өте тыныш қозғалады.

Мақалаға реакция