Әуе апаты: резус-факторы теріс IV қан тобындағы донорлар ғана қажет

Алматыдағы Бұқар жырау көшесіндегі қан орталығында Bek Air ұшағы апатынан зардап шеккендерге қан тапсыру үшін адамдар кезекке тұрып жатыр. Кезек орталықтың сыртынан басталады. Baribar.kz тілшісі қан орталығына барды.

Орталық қызметкерлері апаттан зардап шеккендерге қазір резус-факторы теріс IV қан тобы ғана қажет екенін айтты.

Дәл қазір зардап шеккендерге резус-факторы теріс IV қан тобындағы азаматтардың ғана қан тапсырғаны керек болып тұр. Ол кісілерді кезексіз жіберіп жатырмыз. Қалған қан топтары жеткілікті тапсырылды. Біздің орталыққа жұмыс күндері келуге болады. Қан тапсырмаңыздар деуге құқымыз жоқ, әрине. Бірақ қазір кезекті ұзартып, дүрліктірмеуді сұраймыз, — деді орталықтың медицина қызметкерлері.

Қан тапсыру, BеkAir
Фото: Baribar.kz

Орталық бұған дейін қан тапсырмаған адамдарды қайтарып отырды. Айта кетейік, Bek Air ұшағы апатынан зардап шеккендерге Алматыдағы Бұқар жырау көшесі, 47-үй және Қаскелеңдегі Абылай хан көшесі, 42-үй мекенжайларындағы орталықтарда қан тапсыруға болады.

Қан тапсыру
Фото: ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі
Қан тапсыру, BеkAir
Фото: Baribar.kz

27 желтоқсанда сағат 07.22-де Алматы маңында Bek Air әуе компаниясының Fokker 100 ұшағы апатқа ұшырады. Әуе компаниясының рейсі көтерілу кезінде биіктікке ие бола алмай, бетон қоршауды бұзып өтіп, тұрғын үй секторындағы екі қабатты құрылысқа соғылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатынан қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтып, апатқа кінәлілер қатаң жазаланатынын хабарлады.

ҚР Ішкі істер министрлігі апаттан қаза тапқандардың тізімін жария етті. 28 желтоқсан жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.