Ұшақ апаты құрбандарының отбасына 4 миллион теңгеден беріледі

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Bek Air әуе компаниясы ұшағының құлау себептерін тергеу бойынша Үкімет комиссияның отырысын өткізді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы облысындағы ұшақ апаты барлық қазақстандық үшін аса қайғылы хабар болды. Өкінішке қарай, адамдар қаза тапты, зардап шеккендер көп, — Асқар Мамин.

Үкімет басшысы қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендерге тезірек сауығуды тіледі.

Үкімет комиссиясы жұмысының алдын ала нәтижелері туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр, сотқа дейінгі тергеу амалдары мен оқиға орнында жүргізіліп жатқан жұмыс туралы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, зардап шеккендердің жағдайы туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндады.

Ресми мәлімет бойынша 27 желтоқсанда сағат 07.21-де Bek Air әуе компаниясының №Z2100 рейсі — Алматы — Нұр-Сұлтан бағыты бойынша ұшып шыққан Fokker 100 ұшағы әуеге көтерілу кезінде төмен құлдилап, бетон қоршауды бұзып өткен. Алматы «Қазаэронавигациясы» баяндамасы бойынша сағат 07.22-де ұшақтың әуеге көтерілуі кезінде диспетчерлер ұшқындарды байқаған. Радар экранынан ұшақ белгісі жоғалып кетіп, дабыл қағылған.

Сағат 08.04-те Алматы төтенше жағдайлар департаменті ұшу жолағынан 1,8 шақырым қашықтықтағы Алматы облысы Талғар ауданы Гүлдала ауылының шетінде ашық аумақта Fokker 100 ұшағының құлағанын анықтады.

Ұшақ Алматыдан ұшқан кезде әуе кемесінің бортында 98 адам болған, оның ішінде тоғызы — бала және бесеуі — экипаж мүшесі.

Сағат 15.00-дегі жағдай бойынша оқиға салдарынан барлығы 12 адам қаза тапқан, Алматының медицина мекемелеріне 53 адам жеткізілген, оның ішінде сегіз адамның жағдайы аса ауыр деп бағаланып отыр.

Нұр-Сұлтаннан санитария авиациясы бортымен жетекші республикалық медициналық орталық мамандары ұшып барды, оның ішінде Ұлттық нейрохирургия орталығының және Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты мамандары бар.

Алматының және Алматы облысының медицина ұйымдары қажет медициналық көмек беріп жатыр, дәрі-дәрмекпен және қанмен толық қамтамасыз етілген. Зардап шеккендермен және қаза тапқандардың отбасыларымен психологтар жұмыс істеп жатыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасына 4 миллион теңгеден қаражат бөлінеді. Сонымен қатар барлық зардап шегушіге қаржылай көмек беріледі, — деді Асқар Мамин.

Премьер-министр Ішкі істер министрлігіне Bek Air әуе компаниясы ұшағының құлауына байланысты толық сотқа дейінгі тергеу жұмысын жүргізуді, Денсаулық сақтау министрлігіне зардап шегушілердің тезірек сауығып шығуы үшін барлық шараны қолға алуды тапсырды.

Апат себептерін тергеу жөніндегі Үкімет комиссиясы 2020 жылдың 10 қаңтарына қарай жұмысының алдын ала қорытындысын ұсынуға тиіс, — деп нақтылады Асқар Мамин.