Бортта 95 жолаушы және экипаждың бес мүшесі болған. 14 адамның қаза тапқаны белгілі болды, құрбандар саны нақтыланып жатыр.

Алматы маңында Bek Air әуе компаниясының ұшағы құлап түсті. Хабарды алғаш болып Алматы халықаралық әуежайының баспасөз қызметі таратты.

Әуежай әуелі Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған жолаушылар ұшағының радардан жоғалғанын, кейін апатқа ұшырағанын хабарлады. Бортта 95 жолаушы болған. Соңғы мәлімет бойынша 12 адам қаза болды.

Сағат 07.22-де Bek Air әуе компаниясының рейсі көтерілер кезде биіктікке ие бола алмай, бетон қоршауды бұзып өтіп, екі қабатты құрылысқа соғылды. Өрт шыққан жоқ. Құтқару жұмысы шұғыл басталды. Қазіргі уақытта жолаушылар мен экипажды эвакуациялау жүріп жатыр… Оқиғаның мән-жайы мен себебін арнайы комиссия анықтайды, – деп хабарлады Алматы халықаралық әуежайының баспасөз қызметі.

Bek Air Алматы, әуе апаты
Фото: ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі Bek Air ұшағы тұрғын үй секторына құлағанын хабарлады.

Оқиға орнында құтқарушылар, медицина қызметтері мен құқық қорғау органдары қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Эвакуация жүріп жатыр. Үкімет комиссиясы құрылды, – деп хабарлады ТЖК баспасөз қызметі.

Bek Air Алматы, әуе апаты
Фото: ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті жедел штаб құрып, шұғыл желіні іске қосты.

Шұғыл желі нөмірі: 8 (7172) 53 32 84;

Алматы облысы төтенше жағдайлар департаменті: 8 (7282) 22 02 13, 22 02 18;

Нұр-Сұлтан төтенше жағдайлар департаменті: 8 (7172) 24 52 12, 24 51 71, 24 51 47.