Bek Air әуе компаниясы ұшақ апатына байланысты мәлімдеме жасады

Bek Air әуе компаниясы Алматы маңында болған әуе апатына байланысты Қазақстан тұрғындарына көңіл айтты. Мәлімдеме компанияның ресми сайтында жарияланды.

Құрметті қазақстандықтар! Bek Air әуе компаниясының атынан қайғылы жағдайға байланысты көңіл айтамыз. Біз дәл қазіргі уақытта оқиға орнында жұмыс істеп жатқан қызметтерден ресми ақпарат күтіп отырмыз. Осы кезде аноним хабарламаларға мән бермеуді сұраймыз, өйткені ол жалған ақпарат болуы мүмкін. Ресми ақпаратты күтуіңізді өтінеміз, — делінген хабарламада.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі апаттан соң әуе компаниясының қызметі оқиғаның мән-жайы анықталғанша тоқтатылатынын хабарлады.

27 желтоқсанда сағат 07.22-де Алматы маңында Bek Air әуе компаниясының Fokker 100 ұшағы апатқа ұшырады. Әуе компаниясының рейсі көтерілер кезде биіктікке ие бола алмай, бетон қоршауды бұзып өтіп, тұрғын үй секторындағы екі қабатты құрылысқа соғылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатынан қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтып, апатқа кінәлілер қатаң жазаланатынын хабарлады.

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі апаттан қаза тапқандардың тізімін жария етті.