Қасым-Жомарт Тоқаев барлық әуе компаниясын тексеруді тапсырды

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әуежайы маңындағы жолаушылар ұшағы апатына байланысты шұғыл кеңес өткізді. Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Премьер-министр, Президент Әкімшілігі басшылары, Қауіпсіздік кеңесі хатшысы, Бас прокурор, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы, Ішкі істер, Ақпарат және қоғамдық даму, Денсаулық сақтау министрлері қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан қаза болған азаматтардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты. Жиынға қатысушылар қайтыс болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды, — делінген хабарламада.

Мемлекет басшысы Премьер-министр Асқар Маминнің, Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовтің, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың және Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың есебін тыңдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Алматының және Алматы облысының әкімдіктерімен бірге қаза болған азаматтардың отбасына 4 миллион теңге көлемінде материалдық көмек беруді тапсырды. Қайтыс болғандардың жақындарына жан-жақты психологиялық және медициналық қолдау көрсетіледі. Зардап шеккендердің барлығына қажет көмек беріледі.

28 желтоқсан жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Президент сенбі күні еліміздегі Мемлекеттік Туларды төмен түсіруге және барлық ойын-сауық шарасын тоқтату тапсырды.

Мемлекет басшысы кеңес барысында:

—  Ұшақ апаты себептерін сапалы әрі объектив түрде тексеруді;

— «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» акционерлік қоғамын білікті мамандармен қамту жұмысын толық аяқтауды;

— Қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіру үшін барлық әуе компаниясының жұмысы мен авиация инфрақұрылымы нысандарын тексеруді де тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне қозғалған қылмыстық іс аясында ұшақ апаты себептерін анықтау, кінәлілерді заңға сәйкес жауапкершілікке тарту, Алматы әуежайының аумағына жақын орналасқан жеке құрылыстардың заңдылығын зерттеу жөнінде тапсырма берді.