Bek Air ұшағы апаты орнынан тікелей хабар

Журналист Қызылту ауылынан Алматыға қарай кетіп бара жатқанда полиция, өрт сөндіру машиналарын көрген. Олардың соңынан жүріп, ұшақ құлаған орынға жеткен.

Бұл жерде сағат шамамен 09.20-дан бастап жүрмін. Ол кезде құтқарушылар қызметі жұмыс істеп жатқан. Сол кезде ішкі істер органдарының қызметкерлері енді келіп, оқиға орнын қоршап жатты. Қазір мұнда жедел жәрдем көліктері көрінбейді. Қираған ұшақ жанынан соңғысы кетіп бара жатқан сияқты. Адамдардың толық ауруханаға жеткізілгені бізге әлі анық емес. Біз шамамен оқиға орнынан 20-30 метрдей жерде тұрмыз, ары қарай жақындатпайды, — дейді Ержан Әбдіраман.

Оның айтуынша, қазір апат орнында Төтенше жағдайлар комитетінің қызметкерлері шатыр тігіп жатыр. Сонда жұмыс істейтін адамдарға арналған болуы керек. Онда Ұлттық ұлан сарбаздары да бар.

Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің айтуынша, қираған үйде ешкім тұрмаған. Бұл салынып бітпеген үй екен. Ұшақтың құлаған жерінің батыс жағында іргетас, шығыс жағында — 50-100 метрдей жерде бір үй тұр. Ол екеуі бүлінбеген. Ұшақ шамасы ұшып-қону жолағымен үйдің арасындағы бетонды бұзып өткен де, жанымен соғылған. Ғимараттың солтүстік жағы қираған, оңтүстік жағы тұр, — дейді журналист.

Оның айтуынша, оқиға орнында Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов пен Талғар ауданының әкімі Жолан Омаров жүр.

Хабар беретін штаб құрылады деген, әлі құрылмады. Алматыдағы №4 ауруханада жарақат алғандардың хал-жағдайы туралы баспасөз брифингі өтеді. Оның уақыты әзірше белгісіз, — дейді журналист.

27 желтоқсанда сағат 07.22-де Алматы маңында Bek Air әуе компаниясының Fokker 100 ұшағы апатқа ұшырады. Лайнер көтерілу кезінде биіктікке ие бола алмай, бетон қоршауды бұзып өтіп, тұрғын үй секторындағы екі қабатты құрылысқа соғылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатынан қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтып, апатқа кінәлілер қатаң жазаланатынын хабарлады.

ҚР ІІМ баспасөз қызметі апаттан қаза тапқандардың тізімін жария етті.