1 шілдеден бастап Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдарға арналған жыл сайынғы сыйлықақы байқауына өтінім қабылдау басталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Байқау мақсаты – үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін нығайту, қоғамға маңызы бар жобаларды іске асыруға ынталандыру және институционалдық қолдау көрсету.
Сыйлықақы әлеуметтік маңызы бар 16 бағыт бойынша табысталады. Әрбір бағыт бойынша жеңімпаз ұйымға 2000 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде сыйақы беріледі.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, соңғы тоғыз жылда бұл сыйлықақы 558 үкіметтік емес ұйымға табысталған. Жыл сайын марапатталған ұйымдардың қатарында өңірлер мен ауылдық елді мекендердің дамуына үлес қосып жүрген 10-ға жуық ауылдық үкіметтік емес ұйым бар.
Министрлік қоғам бастамаларын жүзеге асырып, әлеуметтің маңызы бар мәселелерін шешуге үлес қосып жүрген барлық ұйымды байқауға қатысуға шақырады.
Өтінімдер 2026 жылғы 1 қыркүйек күні сағат 18:30-ға дейін (Астана уақытымен) қабылданады.
Байқауға қатысу талаптары туралы толық ақпаратпен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайтында танысуға болады.
