Асқар Мамин кабинеті «100 нақты қадамның» 59-ын орындады

Қоғам санасын жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия Тұңғыш Президент — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционал реформасын іске асырудың «100 нақты қадам» ұлт жоспары 2019 жылы қалай орындалғанын қорытындылады. Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, комиссияның отырысын Премьер-министр Асқар Мамин мен Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин өткізді.

Бүгінде ұлт жоспарының 100 қадамының 59-ы орындалып, бақылаудан алынды, 3 қадамы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асырылып жатыр және оны Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия бақылайды, — делінген Үкіметтің баспасөз хабарламасында.

Қалған 38 қадамның іске асырылу барысы туралы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов және басқа да жауапты тұлғалар баяндады.

Комиссия мүшелері туризмге стратегиялық инвесторлар тарту, жол-көлік инфрақұрылымын күтіп ұстау мен дамытуға бірыңғай оператор тарту, әлем нарығына шығу үшін өңдеу секторына трансұлттық компанияларды тарту, жекеменшік медицинаны дамыту сияқты қадамдарды іске асыруды қалай жеделдету керек екенін талқылады. Үкімет басшысы ұлт жоспарын толық әрі сапалы іске асыру үшін жұмысты белсенді жалғастыруды тапсырды.