Не болды?
11 шілдеден бастап тағы бір республикалық маңызы бар тас жол учаскесі ақылы негізде жұмыс істейді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Ақылы жүйе Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – Ресей шекарасы («Убе» өткізу пункті) бағытындағы Талдықорған – Өскемен аралығына енеді. Ақылы тас жолдың ұзындығы 772,955 шақырым болады.
Құжат бойынша, жолдың бұл бөлігі 20 жыл ақылы негізде жұмыс істейді.
Сонымен бірге жүргізушілер үшін балама тегін бағыттар сақталады. Ақылы жолды Талдықорған – Үштөбе – Молалы – Лепсі – Ақтоғай – Таңсық – Аягөз – Қарауыл – Семей облыстық маңызы бар жолы арқылы немесе Семей – Өскемен республикалық тас жолы арқылы айналып өтуге болады.
Тас жол I-б және II техникалық санатына жатады. Жолдың кей бөлігінде әр бағытта бір жолақ, ал кейбірінде екі жолақ қарастырылған. Әр жолақтың ені кемінде 3,75 метр.
Жол ақысын көліктің санатына қарай төлеу қажет. Бір бағыт үшін тариф 117 теңгеден 25 292 теңгеге дейін белгіленген. Алдын ала төлем жасаған жүргізушілер үшін жол ақысы кейін төленетін тарифке қарағанда төмен болады.
Бір реттік төлемнен бөлек, жүргізушілерге айлық және жылдық абонемент ұсынылады. Сонымен қатар құжатта балама жолы жоқ елді мекендердің тұрғындарына арналған арнайы шарттар да қарастырылған.
Абонементті бірнеше тәсілмен рәсімдеуге болады: 1403 байланыс орталығы арқылы, KazToll сайтының жеке кабинеті арқылы немесе ақы алу бекеті мен қызмет көрсету орталықтарында. Мұнда төлемді банк картасымен, қолма-қол ақшамен немесе интернет-банкиң арқылы жасауға мүмкіндік бар.
