Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев КСРО халық артисі Бибігүл Төлегенованың 90 жас мерейтойына арналған шығармашылық кешке қатысты. Бұл туралы әкім өзінің Instagram-парақшасына жазды.
Бибігүл Ахметқызы — халықтың ыстық ықыласына бөленген, әлем таныған әнші. Ол XX ғасырдың 20 көрнекті әйелінің бірі ретінде ЮНЕСКО-ның тізіміне кірді. Бұл — ел мен халық үшін үлкен құрмет. Тәлімгерлерінің қажырлы еңбегі мен өнер иесінің тынбай еңбек етуі оған табиғат сыйлаған талантын ашуға мүмкіндік берді, — деді Бақытжан Сағынтаев.
Әкімнің айтуынша, Бибігүл Төлегенова осынша жасқа келсе де, еліміздің басты опера сахналарында әлі күнге дейін өнер көрсетіп, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында вокалдан сабақ беріп жүр.
Бұл күні әйгілі вокалист шәкірттері мен достарынан, туған туыстары мен жақындарынан, опера өнері тыңдармандарынан шынайы алғыс пен ізгі тілек естіді.
Әнші, актриса, қоғам қайраткері, КСРО халық артисі, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенова 1929 жылы Семейде дүниеге келген.