Германияда маусым айында тіркелген аптап ыстық салдарынан шамамен 5 100 адам қайтыс болды. Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіш бұдан да жоғары болуы мүмкін. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Германияның Роберт Кох атындағы институты (RKI) 9 шілдеде жариялаған модельдік есепке сәйкес, маусым айындағы қалыптан тыс ыстық салдарынан елде шамамен 5 100 адам көз жұмған. Оның ішінде маусымның соңғы аптасында ғана 4 300-ден астам адам өлімі тіркелген.
Зерттеушілердің пікірінше, аптап ыстықтың нақты салдары бұдан да ауқымды болуы ықтимал. Германияның Федералдық статистика басқармасы 22–28 маусым аралығындағы аптап ыстықтағы өлім-жітім көрсеткіші 6 800-ге жеткенін мәлімдеді. Бұл – сол кезеңде қалыпты жағдаймен салыстырғанда бірнеше мың адамға көп көз жұмғанын білдіреді.
Маусым айының соңында Германияның бірқатар өңірінде ауа температурасы 41 градус Цельсийден асып, ел тарихындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі тіркелді. Мұндай температура Оңтүстік Еуропа елдері үшін қалыпты саналғанымен, Германия үшін рекордтық деңгей болып отыр.
Роберт Кох институтының мәліметінше, соңғы он жылдағы атап ыстыққа байланысты өлім-жітім 2018 және 2019 жылдары тіркелген. Ол жылдары аптап ыстық салдарынан тиісінше 8 400 және 6 900 адам қайтыс болған. Ал 2022–2025 жылдары бұл көрсеткіш жылына 2 600-ден 4 900-ге дейін өзгеріп отырған.
Мамандардың айтуынша, аптап ыстық көбіне өлімнің тікелей себебі болмайды. Жоғары температура созылмалы аурулары бар адамдардың денсаулығын күрт нашарлатып, жүрек-қан тамырлары, тыныс алу және басқа да сырқаттардың асқынуына әкеледі. Соның салдарынан өлім қаупі едәуір артады.
