Қазақстанда 10 және 11 шілдеден бастап тағы үш республикалық автожол учаскесінде ақылы жүйе іске қосылады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, 10 шілдеден бастап ақылы режим келесі жолдарда енгізіледі:
- «Қарағанды – Балқаш – Бұрылбайтал» автожолы. Бұл бағыт бойынша жылдық абонементті Бұқар жырау, Абай, Шет, Ақтоғай, Мойынқұм және Жамбыл аудандарының, сонымен қатар Балқаш пен Приозерск қалаларының тұрғындары рәсімдей алады.
- «Бұрылбайтал – Құрты» автожолы. Жылдық абонемент Жамбыл және Іле аудандарында тіркелген жүргізушілерге қолжетімді.
Аталған екі жолда көлік құралдары үшін рұқсат етілген ең жоғары жылдамдық – сағатына 140 шақырым.
- Ал 11 шілдеден бастап «Талдықорған – Өскемен» автожолының учаскесі ақылы болады. Жылдық абонементті Ескелді, Ақсу, Сарқан, Алакөл, Үржар, Аягөз, Жарма және Ұлан аудандарында тіркелген пайдаланушылар ала алады.
Бұл бағытта I-б санатындағы учаскеде рұқсат етілген жылдамдық 110 км/сағ, ал II санатындағы учаскеде 100 км/сағ болады. Жүргізушілер абоненттік төлемді kaztoll.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы, 1403 байланыс орталығы арқылы, ақы алу пункттерінде немесе клиенттерге қызмет көрсету орталықтарында рәсімдей алады, — делінген хабарламада.
