16 желтоқсанда опера әншісі, КСРО халық артисі Бибігүл Төлегенова 90 жасқа толды. Әнші қоғамға өнерімен, елдің мәдениетіне сіңірген еңбегімен сыйлы. Оның дауысын кәрі-жас жазбай таниды. Аса көрнекті вокалист сахнада 70 жыл бойы ән айтып келеді. Бибігүл Төлегенова әнші, актриса, камео ретінде қазақ киносында да үлкен із қалдырды.

«Дала қызы»

1954 жылы Алматы көркем және хроника фильмдер студиясы түсірген. Режиссерлары — Шәкен Айманов, Карл Гаккель.

Бибігүл Төлегенова
«Дала қызы»фильмінің кадры. Фото: Kino-teatr.ru

Бұл — кеңес өкіметінің орнауы мен қазақ әйелінің жаңа қоғамға бетбұрысы жайлы фильм. Басты рольді Зәмзәгүл Шәріпова ойнады. Фильмге Қапан Бадыров, Шара Жиенқұлова, Нұрмұхан Жантөрин, Елубай Өмірзақовтар да түскен.

Фильмде Бибігүл Төлегенова Қарашаштың ролінде.

«Біздің сүйікті дәрігер»

«Біздің сүйікті дәрігер» көркем фильмі 1957 жылы жарыққа шықты. Режиссеры — Шәкен Айманов.

Бибігүл Төлегенова
«Біздің сүйікті дәрігер» фильмінің кадры. Фото: Kino-teatr.ru

Алматы маңындағы шипажайда дәрігер Анатолий Лавров 17 жыл бойы жұмыс істеп келеді. Дәрігер адамды қуанту да оларды аурудан айықтырумен бірдей деп есептейді. Оның 60 жылдық мерейтойы қарсаңында шипажай қызметкерлері дәрігер емдеген артистерді шақырып, тосын сый жасамақ болады. Бірақ олар хабарласқан әншілер бүгін кешке бос болмайтынын айтады. Фильмнің соңында артистер онсыз да Лавровтың мерейтойына әзірленгені белгілі болады.

«Тақиялы періште»

Кеңес Одағы тұсында «Қазақфильм» түсірген ең танымал музыкалық комедия. Режиссеры — Шәкен Айманов. Алғаш рет 1969 жылы көрсетілді.

"Тақиялы періште", Бибігүл Төлегенова
«Тақиялы періште» фильмінің кадры. Фото: Kino-teatr.ru

«Тақиялы періште» фильмінің басты кейіпкері — география пәнінің мұғалімі Тайлақ. Ол — алып денелі, кеңпейіл жан. Сүйікті анасы сыйлаған тақияны тастамай киеді. Анасы баласына жар іздеп, Алматыға келеді. Ол «еркекке жалғыз өмір сүруге болмайды, оның қасында анасы, жоқ дегенде әйелі болуы қажет» деп есептейді.

Бибігүл Төлегенова «Тақиялы періште» фильмінде Тананың қызының ролін ойнап, «Абзал ана» деген әнді орындайды.

«Алдар көсе»

Алдар көсе туралы 16 бөлімнен тұратын телехикая. Режиссеры — Дин Махаматдинов. Басты рольді Дәурен Серғазин ойнайды.

"Алдар көсе", Бибігүл Төлегенова
«Алдар көсе» телехикаясының кадры. Фото: Kino-teatr.ru

Бибігүл Төлегенова телехикаяда Алдар көсенің әжесінің ролінде.

«Балалық шағымның аспаны»

2011 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық және жастық шағы жайында түсірілген фильм. Рүстем Әбдірашев фильмді Үшқоңыр жайлауында, Шамалған ауылында, Қаскелеңде және Алматыда түсірді. Картина сюжеті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Без правых и левых», «Эпицентр мира», «В сердце Евразии» сияқты кітаптарынан алынған.

Бибігүл Төлегенова
«Балалық шағымның аспаны» фильмінің кадры. Фото: Kino-teatr.ru

Бибігүл Төлегенова «Балалық шағымның аспаны» фильмінде бала Нұрсұлтанның әжесінің ролін ойнайды.

Сонымен бірге КСРО халық артисін «Бұл Шұғылада болған еді» (1955), «Жұлдызыңды сақта» (1975), «Вокал параллельдері» (2005) фильмдерінен де көруге болады.