Лирика-колоратуралық сопрано иесі Бибігүл Төлегенова Алматыдағы консерваторияны 1954 жылы ән класы бойынша бітірген. Кәсіби музыканың академиялық оқу орнында түлектердің музейі ашылғалы отыр. Өзінің мерейтойына арналған «Сүю, үміт ету және сену…» атты кеште Бибігүл Төлегенова болашақ музейге алғаш болып қолтаңба қалдырды. 

Қазақтың бұлбұлы 90 жасқа келіп отыр. Сонау қиын-қыстау жылдарда кәсіби өнерді бүкіл әлемге танытқан Бибігүл Ахметқызы болатын. Сол еңбегі үшін бұл кісіге бәріміз шын жүректен алғыс айтамыз. «Үлкен жүрген жерде береке» болады. Біздің консерваторияның — қара шаңырағымыздың берекесі болып жүре беріңіз, — деді Арман Жүдебаев құттықтау сөзінде.

Бибігүл Төлегенова, 90 жас
Фото: Instagram.com/arman_zhudebayev

Бибігүл Төлегенова кеште кәсіби музыкаға қалай келгенін айтты.

Ахмет Жұбанов — әкемдей болған кісі. Қара жұмыс істеп жүрген жерімнен консерваторияға әкелді. Анам жүре алмай, үйде жатып қалған, үйге қарасуым керек деп қоймаймын. Ахмет Жұбанов комбинаттағы жалақымды ай сайын анама беріп отыратын болып келістірді. Сөйтіп оқуға түстім, — деді әнші.

Бибігүл Төлегенова консерваторияда Ахмет Жұбановтың арқасында қазақша үйренгенін де айтты. Әншінің айтуынша, Ахмет Жұбанов өте ақырын сөйлейтін. Шәкірттері оның біреуге дауыс көтергенін көрмепті.

Алматыға келгенше тек орысша сөйлейтінмін. Ахмет Қуанұлы кабинетіне шақырып, қазақша сөйлесетін. О кісінің не айтқанын тыңдау үшін құлағыңды жақынырақ тосу керек. Сөзін түсінгеніммен қазақша жауап бере алмай, кабинеттен жылап шығатынмын. Кейін қазақша ән айтып жүріп, әр сөздің мағынасын бәрінен сұрап жүріп қазақшаны үйреніп алдым, — дейді Бибігүл Төлегенова.

Бибігүл Төлегенова, 90 жас
Фото: Instagram.com/arman_zhudebayev

Ол консерваторияның Надежда Самышина сияқты педагогтарынан көп тәлім алғанын айтты.

Мені мықты педагогтар халықтың сүйікті артисіне айналдырды. Алақанына салған халыққа алғысым көп, өмірімнің соңына дейін басымды иіп өтем. 70 жасым да, 80, 85 жастарым да аталып өтпеген еді. 90 жасқа келгенде Арманның (Жүдебаев — ред.) осындай кеш ұйымдастырып отырғанына риза болып қалдым, — деді Бибігүл Төлегенова.

Концерт соңында артист ән шырқап, дүйім жұртқа бата берді.

Бибігүл Төлегенова, 90 жас
Фото: Instagram.com/arman_zhudebayev

Концертке опера әншісінің шәкірті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Толқын Забирова және Бибігүл Төлегенова атындағы халықаралық вокалистер байқауының лауреаттары Расул Жармағамбетов, Балуан Беркенов, Мәдина Оразбай, Мәди Мадияровтар қатысты. Кеште дирижер Ян Рудковский жетекшілік ететін консерваторияның аралас хоры да өнер көрсетті.

Әнші, актриса, қоғам қайраткері, КСРО халық артисі, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенова 1929 жылы Семейде дүниеге келген.