Басты бет / Cұхбат /
балалар, оқушылар
Фотоны Bilim Foundation ұсынды

Ұстаз беделі қалай қалыптасады? Тарих пәні мұғалімімен сұхбат

Білім беру жүйесіндегі бастамалар мұғалімнің қоғамдағы рөлін де өзгертті. Қазір ұстаз оқушыға бағыт-бағдар беретін, оның қабілетін ашуға ықпал ететін тұлғаға да айналды. Осы орайда Baribar.kz тілшісі Астанадағы №93 мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі Эльмира Қалыбекпен мұғалім беделі, бүгінгі оқушының болмысы және білім саласындағы өзгеріс туралы сұхбаттасты.

«Ұстаздың беделі кәсіпқой екеніне байланысты»

Эльмира Қалыбектің айтуынша, кейінгі кезде мұғалім мамандығына деген көзқарас өзгеріп келеді. Мемлекет тарапынан педагогтің мәртебесін көтеруге, әлеуметтік жағдайын жақсартуға және кәсіби дамуына ерекше көңіл бөлініп жатыр. Дегенмен мұғалімнің шынайы беделі заң арқылы ғана қалыптаспайтынын айтты.

Мұғалімнің беделі кәсіпқой екеніне, біліміне, педагогикадағы шеберлігіне және оқушымен дұрыс қарым-қатынас орната білуіне байланысты. Өз ісін сүйетін, үнемі ізденетін мұғалім әрқашан оқушының да, ата-ананың да құрметіне ие болады, – дейді ұстаз.

Эльмира Қалыбек

Қазіргі оқушы мұғалімнен не күтеді?

Ұстаздың пікірінше, бүгінгі балалар үшін мұғалімнің тек білім беруі жеткіліксіз. Олар ең алдымен түсіністік пен әділдікті, қолдайтын және пікірін еркін айтуға мүмкіндік беретін маманды күтеді.

Әр оқушы сабақты мұқият тыңдап, берілген тапсырманы орындап, оқу процесіне белсене қатысуы керек. Оқушысы тәртіпті болып, ұстаздың еңбегін бағалап, ақыл-кеңесін құрметпен қабылдаса, бұл шынайы құрметтің белгісі деп білемін, — дейді Эльмира Қалдыбек.

«Басында оңай болмады»

Эльмира Қалыбек ұстаздық жолында түрлі қиындық болғанын да айтып өтті. Оның айтуынша, мектепке алғаш келгенде кей оқушының пәнге қызығушылығы төмен болыпты, кітап оқуға да ынтасы болмаған. Технологияның дамуы да балалардың оқуына әсер еткен.

Соған қарамастан, ол мамандығын тастауды ойламаған.

Керісінше, өз білімімді жетілдіруге, тәжірибемді арттыруға және әр оқушыға тиімді әдіспен білім беруге ұмтылдым. Оқушыларымның жетістігін көргенде жақсы маман екеніме көзім жетті, – дейді Эльмира Қалыбек.

Эльмира Қалыбек, ұстаз, сұхбат
Фото: Эльмира Қалыбектің жеке архивінен

Гаджетке тәуелді болу – өзекті мәселе

Мұғалімнің айтуынша, қазір гаджетке, әлеужеліге тәуелді, уақытын дұрыс жоспарлай алмайтын бала көп. Тіпті кей бала сабаққа зейін қоя алмай, дайын ақпаратқа сүйеніп, ойын еркін жеткізе алмайды.

Мұны шешу үшін мұғалім, ата-ана және қоғам бірлесе жұмыс істеуі қажет. Педагог оқушымен сенімді қарым-қатынас орнатып, заманауи оқыту әдісін меңгеріп, әрқайсын шығармашылық ізденіске баулығаны жөн, — дейді Эльмира ұстаз.

«Қазір оқушыға білім беру бұрынғыдан күрделі»

Эльмира Қалыбек бұрынғы оқушылар білімге құштар болғанын айтты. Қазір ақпарат алу оңай, ал оқушылардың зейінін сабаққа бұру қиындаған. Сондықтан жаңашыл ұстаз үнемі ізденіп, заманауи оқыту тәсілдерін меңгеруі қажет.

Ұстаздың айтуынша, қазір педагог болғысы келетін жастардың да саны азайып келеді. Сыныбында әзірге ұстаз болуды мақсат еткен оқушы жоқ. Көбі медицина, технология, құқық және бизнес саласын таңдап отыр.

Білім берудегі оң өзгеріс

Эльмира Қалыбек кейінгі кезде цифрлық технологияның білім беру жүйесіне енгенін оң бағалайтынын айтты. Интерактивті платформа, танымдық ойын, фильм мен деректі бейнероликтерді сабақта қолдану оқушының қызығушылығын арттырып, оқу материалын тез меңгеруге мүмкіндік береді.

Цифрлық технология сабақты қызық қылып, білім сапасын арттыруға жол ашты. Заманауи әдістер оқушының алған білімін тәжірибеде қолдануына көмектеседі, – дейді мұғалім.

***

Тағы оқыңыз: 

Жанар Жақсылықова: Оқушы алдында қадіріңді жоғалту қорқынышты

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram