Басты бетЖаңалықтарҚасым-Жомарт Тоқаев...

Қасым-Жомарт Тоқаев Жапония императорына жеделхат жолдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Жапония императоры тағына отыруына байланысты Нарухитоға құттықтау жеделхатын жолдады.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, жеделхатта Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Нарухитоны Жапония императоры тағына отыруына орай құттықтап, тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Жапониямен ынтымақтастығын дамытуға ерекше мән бергенін айтқан.

Қысқа тарихи мерзім ішінде елдеріміз арасындағы қарым-қатынас кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне жетті. Қазақстан Республикасының Президенті ретінде еліміздің сыртқы саясаттағы сабақтастығын сақтап, халықтарымыздың игілігі үшін Қазақстан мен Жапония арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға күш саламын. Бүгінде Жапония еліміз үшін Азиядағы сенімді әрі стратегиялық серіктес саналады. Сіздің қолдауыңызбен «Рэйва» дәуірінде жан-жақты ықпалдастық аясын тереңдету үрдісі одан әрі жалғасын табатынына ерекше үміт артамын, — делінген жеделхатта.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында Жапония императорына мол табыс, достас жапон халқына береке мен тұрақтылық тілеген.