Нұрсұлтан Назарбаев: Көпэтносты болғанымызға ешкімнің жазығы жоқ

Тұңғыш Президент тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктің бәрі бірлік пен татулықтың, тыныштықтың арқасы екенін қайталады.

Нұрсұлтан Назарбаев 1 мамыр мерекесіне арналған іс-шарада
Нұрсұлтан Назарбаев 1 мамыр мерекесіне арналған іс-шарада. Фото: Аkorda.kz

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Нұр-Сұлтандағы “Қазақ елі” алаңында Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік іс-шараға қатысты.

Бүгін байтақ Отанымыздың барлық өңірінде көктемнің жарқыраған мерекесі – 1 мамыр – Ел бірлігі мерекесін атап өтіп жатырмыз. Осы ел бірлігі деген қасиетті ұғым мен осы мереке баршамызға құтты болсын! Тек жақсылық, бақ-береке әкелсін деп тілеймін. Ата-бабамыздан қалған “Бірлік болса, тірлік болады”, “Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді” деген ақиқат бар. Осыны негізгі ала отырып, еліміз неше түрлі қиындықтан өтіп, байтақ даламызды бізге аманат етті. Осы бірліктің арқасында біз тәуелсіз Қазақстанды құрдық, ата-бабамыздың аңсаған арманын орындадық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы ынтымақтың арқасында Мәңгілік ел деген ұғым жаңғырғанын айтты.

Тәуелсіздігіміз мәңгілік жасауы үшін қазақ ешқашан қасық қанын аямай, оны көздің қарашығындай сақтайды. Сол қағидаға адал болайық. Ата-бабамыздың арманын орындайық. Осы жылдар ішіндегі жетістіктеріміздің барлығы – елдің бірлігі, халықтың ішіндегі тыныштықтың арқасы. Біздің осындай көпэтносты болғанымызға ешкімнің жазығы жоқ. Біздің де жазығымыз жоқ. Тарих пен өмір солай болды. Сондықтан біз басқа халықтарға қамқор болып, қазақ барлығының ұйытқысы ретінде жайбарақат жүріп жатырмыз, – деді Тұңғыш Президент.

Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, Қазақстан халқы өзін бақытты елміз деп есептеуі керек.

Осы бірлігімізді сақтап, тәуелсіздігімізді құрметтеуіміз керек. Бағдарламаларымызды ары қарай орындасақ, халқымыздың болашағы жарқын болады. Істің бәрі елдің әл-ауқатын көтеру мақсатында жүргізіліп жатыр. Кешегі өткен ассамблея сессиясында бұл мәселелердің бәрі талқыланды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бүгін “Қазақ елі” алаңындағы мерекелік шарада еліміздегі түрлі ұлттың биі биленіп, әні шырқалды. Қазақстан операсы мен эстрадасының жұлдыздары өнер көрсетті.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!