Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысындағы дереу шешілуі тиіс мәселелерді айтты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысының жұртшылығымен кездесті. Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиынға зиялы қауым, ардагерлер мен кәсіподақ ұйымдары, жастар өкілдері, мәслихат депутаттары мен өңірдің мемлекеттік қызметшілері қатысты.

Мемлекет басшысы облыстың жаңғырған Ұлы Жібек жолының бойында орналасуы өңірді дамыту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтты.

Бүгінде Жетісу аймағы жоғары қарқынмен дамып келеді және ауыл шаруашылығы өндірісі көлемі жөнінен көш басында. Өңірдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі еліміздегі ең жоғары — 86%. Алматы облысы адам капиталы жөнінен Қазақстан бойынша алдыңғы қатарда. Олар — еліміздің дамуына өз үлесін қосып жатқандар өздеріңіз сияқты жас мамандар, кәсіпкерлер, ақын-жазушылар мен еңбек ұжымдарының өкілдері, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жедел шешім қабылдауды қажет ететін мәселелерге назар аударды.

Басқа өңірлердегі сияқты Алматы облысында бұрынғыша ауызсумен қамтамасыз ету проблемасы бар. Әкімдік елді мекендердің перспективамен дамуын есепке алып, сумен қамту жүйесінің құрылысы мен қайта жөндеу жөнінде кесте жасап жұмыс жүргізуі қажет, — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқытатын мектептердің проблемаларына тоқталып, Үкіметке және облыс әкімдігіне 2021 жылға дейін мектеп құрылысына қатысты мәселені шешуді тапсырды.

14 мектептің құрылысына 2018-2019 жылдары республикалық бюджеттен 15,4 миллиард теңге бөлінді. Бірақ аймақ тағы да 20 мектепке зәру болып отыр. Бұл үшін 2020-2021 жылдары 29 миллиард теңге бөлу керек. Бұл — менің тапсырмам, — деді Президент.

Мемлекет басшысы облыста дәрігерлердің жетіспейтінін және медициналық қызмет көрсету сапасының төмендегенін айтты. Сонымен қатар жас мамандарды қаладан ауылға көшіру үшін ынталандырып, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының аясында жас кадрларды жұмысқа қабылдау үшін жағдай жасау керек екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік жағдайы нашар тұрғындарды баспанамен қамту мәселесіне де ерекше назар аударды.

Баспана кезегінде әлі күнге дейін 41 мың адам тұр. Оның 11 мыңы — мәселелері бірінші кезекте шешілуі тиіс тұрмысы нашар көпбалалы отбасылар. Жас мамандар мен жас отбасылар үшін тұрғын үй құрылысын белсенді түрде жүргізу қажет. Әкімдік жас мамандарды баспанамен қамту үшін өзге өңірлердің үлгісімен «7-20-25» бағдарламасы бойынша алғашқы жарнаны жабатын тұрғын үй сертификаттарын беру тетігін іске қосуы қажет, — деді Президент.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығына қажет жерлерді мақсатты пайдалану, суармалы жүйелерді модернизациялау мен ирригацияларды қалпына келтіру сияқты мәселелерге тоқталды. Сонымен қатар жер учаскелерін бөлу және оларды тиімді пайдалануға бақылауды қамтамасыз ету ісінде облыстың агроөнеркәсіп кешенін қолдау үшін көлік қызметтеріне тарифтерді төмендету керек екенін айтты.

Тағы бір маңызды мәселе — Жетісудың туризм индустриясын дамыту. Өңір еліміз үшін туризм орталығы ретінде кеңінен танылды. Бұл жерде туристерді тартатын негізгі орын — емдік қасиетімен аты шыққан Алакөл көлі. Былтыр ғана 2 миллион адам демалып, туристер саны 20%-ға өскен. Алайда қызмет көрсету деңгейі, көлік, қонақүй инфрақұрылымы сын көтермейді. Үкіметке әкімдікпен бірлесіп, шипажай аймағының инфрақұрылымын жақсарту үшін кешенді шаралар қабылдауды тапсырамын, — Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы аймақтың көлік-логистика әлеуетіне ерекше тоқталып, жергілікті жолдардың сапасын арттыруды тапсырды.

Алматы облысы — стратегиялық аймақ. Еліміздің маңызды көлік торабы мен логистика орталығы болуы үшін облыстың әлеуеті жеткілікті. «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» автомобиль магистралі құрылысының аяқталуына байланысты Алматы облысы Азия мен Еуропаның арасын жалғайтын көлік қозғалысы үшін қақпаға айналды. Сонымен қатар облыс жолдарының 22%-ы сын көтермейтіндіктен бұл өзекті мәселе болып отыр. Облыс әкіміне аталған мәселемен жүйелі түрде айналысып, тозығы жеткен жолдарды біртіндеп қалпына келтірудің 2025 жылға дейінгі жоспарын әзірлеуді тапсырамын, — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуде мемлекеттік наградалар еңбек адамдарына, әсіресе, ғалымдар, құрылысшылар мен қарапайым жұмысшыларға берілуі керек екенін айтып, бірнеше азаматты Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына үлес қосқаны үшін алғысхаттармен марапаттады.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Талдықорғанға барған еді. Ол Алматы облысындағы өнеркәсіп, әлеуметтік сала және мәдениет нысандарын аралайды. Өңірдің жұртшылығымен, кәсіпкерлерімен кездесіп, көктемгі егіс жұмысының барысымен танысады, «Айбалта-2019» стратегиялық команда-штаб оқу-жаттығуын көреді.