Қарағанды облысының Саран қаласында 23 жастағы банк менеджері алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Тергеу мәліметінше, ол клиенттердің атына сұралған сомадан әлдеқайда көп мөлшерде несие рәсімдеп отырған.
Қарағанды облысы полиция департаментінің мәліметінше, күдікті қызметтік өкілеттігін пайдаланып, банк клиенттерінің атына олардың келісімінсіз немесе сұратқан сомасынан әлдеқайда көп көлемде несие рәсімдеген.
Салдарынан жәбірленушілер өздерінің миллиондаған теңге көлеміндегі қарызы бар екенін тек біраз уақыт өткен соң ғана білген. Қазір полицияға төрт адам арызданған. Алдын ала мәлімет бойынша, келтірілген жалпы материалдық шығын 6,9 миллион теңгеден асады. Аталған факті бойынша қылмыстық кодекстің 190-бабының 2-бөлігі («Алаяқтық») бойынша қылмыстық іс қозғалды, — делінген хабарламада.
Тергеушілер күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.
Полиция азаматтарға несие рәсімдеу кезінде құжаттарды мұқият оқып, қарыз сомасын міндетті түрде тексеруге кеңес берді. Сонымен қатар құқық қорғау органдары ұялы телефонды, банк қолданбаларын және жеке деректерді бөгде адамдарға бермеуге шақырды.
