Басты бет / Жаңалықтар /
жаңбыр, су, су басу, су тасқыны, арық
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ақсай өзенінің жағалауын су шайды: Қарасай ауданында ТЖ енгізілді

Алматы облысының Қарасай ауданында Ақсай өзенінің жағалауын су шайып, карьер аумағында топырақ сырғығаннан кейін жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды. Қауіпсіздік мақсатында жақын маңдағы тоғыз тұрғын үйдің тұрғындары эвакуацияланды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, 2 шілде күні сағат 06:50 шамасында Қарасай ауданының Жаңатұрмыс ауылындағы «Ақсай карьері» ЖШС аумағында Ақсай өзенінің жағалауын су шайып, карьердің солтүстік-батыс бөлігіндегі топырақ сырғыған.

Оқиғаға байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, жақын маңдағы тоғыз жеке тұрғын үйдің тұрғындары уақытша қауіпсіз жерге көшірілді. Қазір оқиға орнында инженерлік және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыстарға 19 қызметкер мен 14 техника жұмылдырылған.

Әкімдік қалыптасқан жағдайға байланысты Қарасай ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай режимі жарияланғанын хабарлады. Бұл шешім авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жедел ұйымдастырып, барлық қызметтің жұмысын тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді.

Ведомствоның мәліметінше, Алматы облысының өзге аудандарындағы жағдай тұрақты.

Әкімдік тұрғындарды сабыр сақтауға, құзырлы органдардың нұсқауларын орындауға және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook