Қазақстанда азық-түлік айтарлықтай қымбаттап барады, халықтың сауда орындарында жұмсайтын бар қаражатының үштен бірі соған кетеді. Бұл туралы Еnergyprom.kz зерттеушілері жария етті.

Мамандардың хабарлауынша, еліміздегі инфляция азық-түліктің қымбаттауынан көрініп отыр. Осы жылдың наурыз айында инфляция деңгейі былтырғы наурызға қарағанда 4,8% болды. Ал азық-түлік тауарларының бағасы бірден 6,7%-ға жоғарылады. Салыстыра кетсек, азық-түлік емес тауарлар тек 6%-ға, қызмет түрлері 1,2%-ға қымбаттаған.

Жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша жалпы инфляция деңгейі 5% болса да, азық-түлік бағасы былтырғы мәліметке қарағанда 6,4%-ға шарықтаған. 2018 жылы жылдық инфляция 6% болып, ал азық-түлік бір жыл ішінде тек 5,1%-ға қымбаттаған еді.

Сарапшылар азық-түліктің қымбаттауы қазақстандықтардың қалтасына салмақ түсіргенін айтып отыр. 2019 жылдың алғашқы тоқсанында бөлшек сауда көлемі 2,2 триллион теңге болған, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 11,4%-ға көп. Бөлшек сауда көлемінің 32,1%-ы — азық-түлік, 67,9%-ы — басқа тауарлар. 2018 жылдың қаңтар-наурызында азық-түлік тауарларының бөлшек сауда нарығындағы үлесі 31,7%, басқа тауарлардың үлесі 68,3% болды.

2019 жылдың наурызында еліміздегі сауда орындарында көкөніс бағасы айтарлықтай өскен. Қырыққабат бір айда 29,2%-ға, пияз 15,5%-ға, қызанақ 5,6%-ға, сарымсақ 3,8%-ға қымбаттады. Жеміс-жидектен банан бағасы ғана 2,5%-ға көтерілген.

Көкөніспен бірге наурызда жарма мен ұн өнімдері де қымбаттаған. Тары құны 4%-ға, басқа жарма түрлері 2%-ға өсті. Бірінші сортты ұн 2,9%-ға, жоғары сортты ұн 2,3%-ға қымбаттады. Бірінші және жоғары сортты ұннан жасалатын нан 2-3%-ға, қарабидай мен тары ұнынан жасалатын нан 1%-ға қымбаттады. Макарон өнімдерінің бағасы ақпан айына қарағанда 2%-ға жоғарылады.