Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

Қазақстан 1 млрд долларға жуық қарыз алады

Фото: Kt.kz
Қазақстан екі халықаралық қаржы ұйымынан шамамен 1 миллиард АҚШ доллары көлемінде қарыз алады.

29 маусымда бұл туралы келісімдер түпкілікті мақұлданды. Қаражат республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыруға және экономиканың басым бағыттарын қолдауға бағытталады.

Қазақстан қандай банктерден қарыз алады?

Қазақстан қаражатты екі халықаралық қаржы институтынан тартады:

  • Халықаралық қайта құру және даму банкі (IBRD) – 92,3 млрд жапон иені (шамамен 576 млн АҚШ доллары);
  • Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі (AIIB) – 62,4 млрд жапон иені (шамамен 389 млн АҚШ доллары).

Осылайша, қарыздың жалпы көлемі 154,7 млрд жапон иенін, яғни шамамен 964 млн АҚШ долларын құрайды.

Қаражат не үшін алынады?

Үкіметтің мәліметінше, бұл қаражат республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыруға және экономиканың басым бағыттарын қолдауға жұмсалады. Сонымен қатар ол мемлекеттік қаржының тұрақтылығын сақтауға бағытталған.

Қарыз қандай шартпен беріледі?

Екі қарыз да 11 жылға беріледі. Оның ішінде алғашқы 5 жылы – жеңілдік кезеңі, яғни бұл уақытта негізгі қарыз өтелмейді.

Пайыздық мөлшерлеме жапон иеніне арналған TONA (Tokyo Overnight Average Rate) индикаторы мен өзгермелі маржа негізінде есептеледі. Үкімет жапон иенін таңдауды Жапониядағы базалық мөлшерлемелердің төмендігімен және теңге мен иен бағамдарының салыстырмалы байланысымен түсіндіреді.

Мақалаға реакция