Қазақстанда жыл сайын көктемгі су тасқыны, таулы өңірлердегі сел қаупі мен жер сілкінетіні халықты алаңдатады. Мұндай апаттардың нақты қашан болатынын дәл болжау әзірге мүмкін емес. Дегенмен заманауи жерсерік технологиялары табиғи құбылыстарды тұрақты бақылауға, қауіпті жағдай туралы ертерек ақпарат алуға және төтенше жағдайларға дер кезінде дайындалуға мүмкіндік береді. Осы мақсатта Қазақстан, Қытай және Орталық Азия елдері табиғи апатты бақылауға арналған ортақ жерсерік жүйесін әзірлеуге кірісті.
Бұл жоба қалай істейді және оның елімізге қандай пайдасы бар? Baribar.kz саралап көрді.
Жаңа жоба
Қазақстан Қытай, Өзбекстан және Тәжікстанмен бірге табиғи апатты бақылауға арналған Tianwu Constellation жерсеріктер жүйесін құру жобасына қатысады. Келісім Қытайдың Үрімжі қаласында өткен IX Қытай – Еуразия көрмесінде жасалды.
Жоба аясында алғашқы кезеңде бес жерсерік ұшырылады. Олар Жерді қашықтан зондтау технологиясы арқылы табиғи құбылыстарды үздіксіз бақылап, жиналған ақпаратты ортақ ғылыми орталықтарға жіберіп отырады.
Қытай ғылым академиясының Аэроғарыш ақпаратын зерттеу институтының зерттеушісі Тун Цинсидің айтуынша, жоба елдердегі ортақ табиғи қауіптің алдын алуға бағытталған.
«Шыңжаң Қытайдың батысындағы маңызды өңір ретінде Орталық Азия елдерімен ортақ географиялық кеңістікте орналасқан. Сондықтан жер сілкінетіні, мұздық еруі, сел және ауыл шаруашылығындағы зиянкес сияқты мәселелер ортақ қауіп-қатерге айналып отыр. Біз бірлескен жерсерік жүйесі арқылы мұндай қатерді бақылап, алдын алу мүмкіндігін күшейте аламыз. Бұл «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы ғылыми ынтымақтастықтың маңызды нәтижесі әрі адамзаттың ортақ тағдыр қауымдастығын қалыптастыруға қосқан үлес», – деді зерттеуші Тун Цинси.
Жерсерік табиғи апатты қалай бақылайды?
Жерсеріктер тәулік бойы Жер бетін бақылап, дәлдігі жақсырақ суреттер мен түрлі өлшем дерегін жинайды. Олар жер бедерінің өзгеруі, мұздық көлемі, өзендердегі су деңгейі, топырақтың ылғалдылығы мен өсімдіктер жағдайын тіркейді.
Кейін бұл ақпарат арнайы орталықтарға жіберіліп, жасанды интеллект технологиялары арқылы өңделеді. Белгілі бір аймақта өзен деңгейі қауіпті мөлшерге көтерілсе, тау беткейінде көшкін қаупі байқалса немесе мұздықтар қарқынды ери бастаса, жүйе мамандарға ертерек ескерту жасауға мүмкіндік береді. Демек, жерсерік апатты тоқтатпайды және оның нақты болатын уақытын дәл айтпайды. Алайда қауіпті жағдай басталып келе жатқанын алдын ала байқап, жауапты органдардың дер кезінде әрекет етуіне жағдай жасайды.
Бұл Қазақстанға не үшін керек?
Қазақстан – табиғи апат қаупі жоғары мемлекеттердің бірі.
Мәселен, Алматы қаласы мен оған жақын өңірлер жер сілкінісі қаупі жоғары аймаққа жатады. Жетісу мен Алматы облыстарында сел қаупі жиі төнеді. Ал көктемде бірнеше облыста су тасып отырады.
Бұдан бөлек, климаттың өзгеруі мұздықтардың көлеміне де әсер етіп жатыр. Мұздықтардың азаюы болашақта ауызсу қоры мен ауыл шаруашылығына кері ықпал етуі мүмкін.
Халықаралық Еуразия ғылым академиясының академигі, мұздық геологиясы жөніндегі сарапшы Чен Сидің айтуынша, жерсеріктің бақылауы бұл мәселені тиімді басқаруға көмектеседі.
«Шыңжаң мен Орталық Азия елдері бір тау жүйелері арқылы өзара байланысқан. Кейінгі жылдары мұздықтардың көлемі 20–40 пайызға дейін азайды. Сондықтан жерсерік арқылы тұрақты мониториң жүргізу су ресурстарын басқаруға және өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше мүмкіндік береді», – деді академик Чен Си.
Жобаның қарапайым халыққа қандай пайдасы бар?
Жаңа технология ең алдымен төтенше жағдайлар қызметінің жұмысын жеңілдетуі мүмкін.
Сел жүру қаупі немесе өзендегі су деңгейінің көтерілуі ертерек анықталса, жергілікті билік тұрғындарды уақтылы ескертіп, қауіпті аймақтан көшіру жұмыстарын алдын ала ұйымдастыра алады.
Жоба ауыл шаруашылығына да пайдалы болмақ. Жерсеріктер егістік алқаптарының жай-күйін, құрғақшылықты және зиянкестердің таралуын бақылауға мүмкіндік береді.
Тәжікстан Ұлттық ғылым академиясы президентінің орынбасары Акобир Мирзорахимзода бұл технологияның ғылыми және өңірлік ынтымақтасуы үшін де маңызды екенін айтты.
«Жерсеріктер шоқжұлдызы мен жасанды интеллект технологияларын пайдалану қоршаған ортадағы өзгерістерді нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Бұл ғылымның дамуына ғана емес, халықаралық ынтымақтастықтың нығаюына және мемлекеттер арасындағы байланыстың артуына да ықпал етеді», – деді Акобир Мирзорахимзо.
Жерсерік табиғи апатты болжай ала ма?
Мамандардың айтуынша, жерсеріктер жер сілкінетінін немесе селді толық тоқтата алмайды. Дегенмен олар қауіпті құбылыстарды үздіксіз бақылап, қауіп күшейгенін ертерек анықтауға көмектеседі.
Сондықтан мұндай технологияның басты артықшылығы – апаттың өзін емес, оның салдарын азайтуға мүмкіндік беруі. Уақтылы алынған ақпарат адам өмірін сақтап, инфрақұрылымға келетін шығынды азайтып, төтенше жағдай қызметтерінің жұмысын тиімді ұйымдастыруға көмектеседі.
