Enactus — жоғары оқу орнында оқитын студенттерінің өзара ынтымақтастығын жақсартуды көздейтін халықаралық коммерциялық емес ұйым. Ұйымның негізгі мақсаты — студенттердің сабақтан тыс уақытын тиімді өткізуге атсалысу. Алматы технологиялық университетінде ұйым 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Мұнда креатив жастарға әрдайым орын бар. Олар жасына, мамандығына қарамастан социология, экономика, экология бағыттары бойынша жұмыс істейді. Студенттер өзгенің өмірін жақсартуға атсалысып, біреуге көмектесу үшін қол ұшын созады. Команда жыл бойы түрлі жобаны іске асырып, жылдың соңында жасаған жұмысын қорытындылайды. Республикалық байқауларға қатысады. Analife — команданың «Ана үйімен» бірігіп жасаған жобасы. Жоба жылдың басында Алматыда өткен жастардың креатив жобалары мен идеяларының «Жобалық Start» атты байқауында 3-орынды жеңіп алды.

Analife қандай жоба?

Қолөнер — көпшілігіміз үшін шығармашылық қабілетімізді жүзеге асыруға, сонымен бірге пайдалы әрі әдемі заттарды жасауға мүмкіндік беретін хобби. Көп адам осы хоббидің арқасында табыс табу мүмкін емес деп санайды. Бірақ барлығы өз қолыңызда. Қазір қиын жағдайға тап болған әйелдерге көмектесетін «Ана үйі» әлеуметтік жобасы бар. Мұнда жалғызбасты аналарға түрлі моральдық, материалдық көмек көрсетіледі. Балаларын жетімдіктен құтқарады. Бірақ онда қыз-келіншектердің жеке бизнесін ашып, жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ. Жансаяның командасы осы олқылықтың орнын толтыру үшін Analife жобасын жүзеге асырды.

Біз олардың уақытын пайдалы өткізіп, сонымен бірге ақша табуына мүмкіндік береміз. Analife жобасы арқылы әйелдерді тігін курсын өткізіп, осы кәсіптің қыр-сырын үйретеміз. Олардың бұйым шығарып, сатуына, сол арқылы арқылы ақша табуына мүмкіндік береміз, — дейді Жансая Ұзақбаева.

Жоба қалай пайда болды?

Қазір Алматының өзінде төрт «Ана үйі» бар. Команда тағы бір «Ана үйінің» басшылығымен келісімге келген. Олар да Enactus ATU-мен серіктестік орнатуға дайын екен.

«Ана үйі» туралы ең алғаш рет жақын досымнан естідім. Ол сонда барып, концерт қойғанын айтты. Оны естіп, қатты әсерлендім. Analife жобасының идеясы сол кезде ойыма келді. Досым берген мекенжайға барып, «Ана үйінің» директорымен сөйлестім. Идеямды ұсындым. Сөйтіп келісімге отырдық. «Ана үйінде» тігін цехы да бар екен. Бірақ олар бұған дейін цехты пайдаланбаған. Өйткені жалғызбасты аналар тігін машинасымен қалай жұмыс істеу керегін білмейді. Тек ара-тұра шеберлік сағаттары өткізіліп тұрған, — дейді 2-курс студенті.

Команданың бастапқыда 10-15 анаға тігіншілікті үйретеміз деген ойы болған. Бірақ бәрі олар ойлағандай бола қойған жоқ. Біреуінің бұл іске икемі келмеді, ал енді біреуі бұл кәсіпке мүлдем қызықпады.

Жансая Ұзақбаева
Жансая Ұзақбаева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Өкінішке қарай, үш анаға ғана тігін машинасында қалай жұмыс істеу керек екенін үйреттік. Әрі қарай олар бұл кәсіпті өздері игеріп, алып кетті. Біздің жұмысымыз тапсырыстарды айтып, дайын болған бұйымды сатуға көмектесу болды. Оны түрлі жолмен: әлеуметтік желі, жәрмеңке, дүкендер арқылы саттық. Жалғызбасты аналар тіккен сөмкелерді мектепте, университетте жұмыс істейтін мұғалімдер көріп, қатты қызықты. Қоғамдық көліктерде де адамдар көріп, тапсырыс беріп жатты, — дейді команданың жетекшісі.

Аминат Джаппуева
Аминат Джаппуева. Фото: Voxpopuli.kz

Enactus ATU командасымен бірге жұмыс істегенімізге қуаныштымыз. Мұндағы қыз-келіншектерге уақытты тиімді өткізіп, өмірлік азық болар нәрсе үйреткені үшін оларға алғыс білдіреміз. Әрине, барлық ананың бұл жоба аясында жұмыс істемегені өкінішті. Бірақ олар Enactus ATU командасының арқасында шағын бизнестің кірпішін қалап үйренді. Бұл ұйыммен алдағы уақытта да ынтымақтасуға дайынбыз, — дейді «Ана үйінің» үйлестірушісі Аминат Джаппуева.

Команда жобаға қаржыны қайдан алады?

Бір қызығы, команда жобаны жүзеге асыру үшін еш жерден қаржылай көмек сұрамаған. Бар қаражатты өздері тапқан. Команданың алғашқы табысы — «Жобалық Start» байқауында 3-орынға берілген 50 мың теңге.

Командамыз екі бағыт бойынша жұмыс істейді. Коммерциялық жобалар бойынша ақша тауып, сол қаржыны осындай әлеуметтік жобаларға жұмсаймыз. Студенттер арасында тимбилдинг ұйымдастырамыз. Оларды тауға, қаланың әсем жерлеріне саяхатқа шығарамыз. Оған қоса, адамның аты жазылған білезіктер жасап, әлеуметтік желіде саудаға шығарамыз. Осындай жобалардан командамызға ақша түсіп отырады. Сондықтан басқа мекемекелерге, компанияларға қаржы сұрап, бармадық, — дейді Жансая.

Әлеуметтік жобалардың пайдасы не?

Жансая бұл жобамен бірге балалар үйіне жиі барып тұрады. Ондағы тәрбиеленушілерге домбыра тартып береді.

Жансая Ұзақбаева
Жансая Ұзақбаева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Балалар қатты қызығып, кетер кезде бізбен қимай қоштасады. Соңымыздан еріп, тағы да келуімізді өтінеді. Арасында жалғыз тұратын қарттардың үйіне де барамыз. Олардың үйін тазалап, тамағын пісіріп, бір уақ көңілін аулауға тырысамыз. Осындай сәттен кейін кез келген адамның балаға, қартқа, жалғызбасты анаға деген мейірімі оянатыны сөзсіз. Оларға қайта бармау мүмкін емес. Үнемі барғың келіп тұрады. Үнемі біреуге қол ұшын созып, көмектескің келіп тұрады. Қолыңда бар нәрсені біреумен бөліскің келеді. Біреуге көмектесіп, оның бақытты жүзін көру өзіңді де бақытқа бөлейді, — дейді Жансая Ұзақбаева.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!