9 жасында анасы дүниеден өтті. Маңдайына жазылған ауыр тағдырдан соң 14 жасында  өзі ана болуға дайындалып жүрді.

Әлия (есімі өзгертілген) өзгелер тәрізді балалық шағын жиі еске алғысы келмейді. 3-сынып оқып жүргенде анасы дүниеден қайтты. Аға-әпкесі Әлияның кішкентай кезінде мектеп бітіріп, қалаға кетті. Қасында тек жанашыр әкесі қалды. Алайда ол күн ұзаққа жұмысқа кетіп, үйге кеш оралатын.

Қыз тағдыры
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Уақыт сырғып, Әлия да бой жете бастады. Тең құрбыларымен бірге ойнап-күлгенді ол да ұнататын. Бірде мектеп оқушыларына би кеші ұйымдастырылды. Сыныптас ағасымен бірге Әлия да сол кешке баруды құп көрді. Бірақ бұл күн оның өмірін мүлде басқа арнаға бұратынын ешкім де сезбеген еді.

Ағам екеуіміз мектептен қайтып келе жаттық. Артымыздан бір машина баяу ізімізге түсті. Бір кезде белгі бере бастады. Қасымда ағам болғаннан кейін аса қорықпадым. Бірақ көліктегі адамның белгісі бізге бағытталғаны түсінікті еді. Кенет тоқтады да, мені бірден көлікке салып ала жөнелді. Ауылдан алыстап кеттік. Ол кезде не сезінгенімді қазір еске түсіргім келмейді. Бір уақытта көрші ауылда екенімді түсіндім. Мені күшпен бір үйге кіргізді. Ол жерде бірнеше ер адам күтіп отырды…

Қыз тағдыры
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Біреуге жай әңгіме, біреуге күнде жаңалықтан еститін «жаға ұстатқан» ақпарат. Бірақ бұл  — небәрі 14 жастағы қызды қорлыққа берген қазақ ауылындағы оқиға. Әлия қорыққаннан ешкімге тіс жармады. Сырласатын әпкесі алыста. Жабулы қазан сол күйінде қала бермек еді. Бірақ…

Мектепте әдеттегідей қыздарды медициналық тексеруден өткізу басталды. Бір жамандықтың басталатынын ішім сезгендей еді. Сабақта отырғанымда мектеп басшылығы жеке кабинетке шақырып алды. Сараптама аяғым ауыр екенін көрсетіпті. «Бұл менің сараптамам емес, басқа біреумен шатастырған боларсыздар» деп ештеңені білдіртпеуге тырыстым. Қаладан әпкемді шақыртты. Ол өзімен сынама алып келген екен. Үш рет тексердік. Оң нәтиже көрсетіп тұрды. Мені бірден қалаға алып кетті. Кейін білдім, баланы алдырып тастау үшін мектеп басшылығы бізге ақша берген екен. Нағашым гинеколог болатын. Ол менің жасымда түсік жасату аса қауіпті екенін айтты.

Қыз тағдыры
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Әлия туғанының қасына келген соң болған оқиғаны өксікпен айтып береді. Бұдан соң әпке-жездесі бар шындықты туыстарға, әкесіне айту керек екенін түсінеді. Жаман хабарды ауыр қабылдаса да, Әлияның әкесі баланы алдырмау керегін кесіп айтып, жиенін бауырына басатынын жеткізеді. Бірақ Әлияның ауылға қайтып барғысы келмеді.

Қиянатқа ұшырағанымды білген соң әкем қасында болуын өтінді. Бірақ ішім білінгеннен кейін қалай әкемнің алдында жүре аламын? Бөпем болғанда оны қалай көз алдында әлдилеп отырамын? Одан да бәрінің көзінен тасада болайын!.. Бұл шешімімді ол жөн санады. Жақындарымыз «Ана үйі» бар екенін айтты. Әпкем мені осында алып келді. Сан түрлі тағдыр болса да, мұндағы қыздардың уайымы бір. Бәрі баласын жеткізіп алғысы келеді. Мен де ішімдегі төрт айлық баламен осыны көздедім. 15 жасымда қолыма сәбиімді алдым. Енді мен жалғыз емеспін.

Ана мен бала
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Әлияның «Ана үйінің» тұрғынына айналғанына биыл — үшінші жыл. Ерәли де қаз басып, мұндағы балалармен қатар өсіп келеді. Анасы — колледждің 3-курс студенті. Сабаққа барып келгенше оны басқа қыздар қарай тұрады. Басқа да шаруаларымен қалаға шықса, Ерәлиді сеніп тапсыруға болатын жас аналар, туғанындай болып кеткен құрбылары бар.

«Мама» деп алдымнан жүгіріп шыққанда қалай қуанатынымды тек аналар түсінетін шығар. Ұлымның әкесі тәрізді жаман іске барғанын қаламаймын. Оның тәрбиелі, ізетті болып өсуі үшін қолымнан келгенін істеймін. «Ана үйіне» көмектесетін меценаттар тәрізді қайырымды болса екен деймін. Оларды туған, тәрбиелеген аналардай болғым келеді. Адамдар басты байлық адамгершілік, дұрыс тәрбие екенін дәл мен тәрізді түсінсе ғой. Бұлар болмаса, адамда сүйкім де болмайды екен. Басымнан өткен оқиғадан кейін ер адамның бәрі жау сияқты көрінді, олардан әлі қорқамын. Осы уақытқа дейін сол қорқынышты түнді ойламауым үшін, еске түсірмеуім үшін қалай қиналып келгенімді білмейсіздер. Білмей өтсеңіздер екен.

Әлиямен сырласқанымызда ол басынан өткенін сабырмен айтып шықты. Оның сыныптастары биыл ғана мектеп бітірді. Ал Әлия өмір мектебін көрді. Қатарластары сияқты емес, өмірге әлдеқайда ересек көзқараспен қарайды. Жарты жыл бойы психологтың бақылауында болды, тағдырластарымен бірге ұлын өсіріп келеді. Кәмелет жасына толғаннан кейін баласына алимент алдыртуды қалайды. Кінәлілер анықталса да, түсініксіз жағдаймен жабылып қалған сот ісін қайта қозғалтқысы келеді.

Сұхбатымыздан кейін БҰҰ-ның Халықтың қоныстануы туралы қорының атқарушы өкілі Райымбек Сисемалиевтен жасөспірімдер арасындағы босану деңгейінің арту себебі жайлы және еліміздегі зорлық-зомбылық деңгейі жөнінде сұрап білдік. Маман мұндай келеңсіздікке жол бермеуге тек мемлекет, ұйымдар ғана емес, ата-аналар да қатысуы керек екенін айтты.

 Райымбек Сисемалиев
БҰҰ-ның Халықтың қоныстануы туралы қорының атқарушы өкілі Райымбек Сисемалиев

Әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық туралы нақты мәлімет беру өте қиын, себебі зорлыққа ұшырағандар ұялғандықтан немесе қорыққандықтан мұндай жағдайларды көбіне жария етпейді. Статистика бойынша әлемдегі әрбір үшінші әйел күш көрсету мен зорлауға және көбіне жақындарының, соның ішінде күйеуінің түрлі қорлық, зәбіріне ұшырайды.

2015-2016 жылдары Қазақстан әйелдері арасында зорлық-зомбылықтың таралуы туралы ұлттық сауалнама жүргізілді. Соның нәтижесінде 18-75 жас аралығындағы әйелдердің 17%-ы серіктесінің физикалық және/немесе жыныстық зорлығына ұшыраған және бұл жағдай бір ғана емес, бірнеше мәрте қайталанған.

Жасөспірімдердің жыныстық тәрбие туралы сауатын арттыру қажет

Жасөспірімдер арасындағы босану деңгейінің көп болуын елімізде мектеп оқушыларының моральдық және жыныстық тәрбие туралы білмеуінен деп есептейміз.  Сонымен қатар мұны жасөспірімдердің репродуктив денсаулықты сақтау бойынша медициналық көмекті ала алмауымен байланыстырамыз.

Моральдық және жыныстық тәрбие беру жасөспірімдерді жыныстық өмірге қызықтырады деген стереотип бар. Бірақ бұл — қате түсінік. Мұндай тәрбие беруді жолға қойған мемлекеттерде (Нидерланды, Оңтүстік Корея) жасөспірімдер арасындағы жүктілік көрсеткіші нөлге жуық.

ЮНФПА қоры репродуктив денсаулықты сақтауға арнайы бөлім арнаған Валеология курсын әзірледі. Тесттік режимде осы курсты бірнеше облысқа енгіздік және оның айтарлықтай әсері болды. Мысалы, осы курстан өткеннен кейін колледж студенттері жыныстық өмірдің басталуын кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады. Жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың, оның ішінде ВИЧ-тің симптомдары мен оны емдеу туралы білім деңгейі артты.

Ата-ана баласымен репродуктив денсаулық туралы да сөйлесуі керек

Екінші жағынан қазақстандық жастардың медициналық көмек алуы да қиын. 18 жасқа дейінгі қыздар мен ұлдар ата-анасыз медицина мекемелеріне бара алмайды. Жасөспірімдер ата-анасымен жыныстық өмір және репродуктивті денсаулық туралы сөйлесе алмайды. Осы жағынан қандай да  мәселе туындаса, оны сол күйінде қалдырады. Нәтижесінде жыныстық жолмен берілетін инфекция көп жағдайда белсіздік пен бедеулікке алып келеді. Медициналық қызметтерді ала алмағандықтан қыздар ерте жүктілікке, қауіпті жасанды түсік жасатуға барып жатады.

Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау туралы барлық қажетті заңнамалық база бар. Мысалы, Бала құқықтары туралы заң, Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы заң бар. Бұдан бөлек, Қазақстан Бала құқықтары туралы конвенция, Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысанын жою туралы конвенция және басқа да халықаралық конвенцияларға қосылды. Дегенмен денсаулық сақтау органдары, әлеуметтік қорғау және психологиялық көмек, сонымен қатар құқық қорғау органдары арасындағы үйлестірілген жұмысты қамтамасыз етуі қажет.

Осы мақаладағы кейіпкердің оқиғасына келер болсақ, алдымен адам құқықтары туралы ақпаратты еске түсіруіміз керек. Жастар осындай қиын жағдайда қандай қадам жасау керек екеніне жөн сілтейтін ақпаратқа мұқтаж. Бұл мақаланың кейіпкері, қуанышқа орай, өзін тапты. Осындай жағдай болған сәтте ата-аналар, мектеп, жастар орталықтары көмекке келуі тиіс. Егер қиындыққа душар болған адамның ортасында қолдау көбірек болса, дұрыс кеңес берілсе, оның болашағының жарқын болуына ықтималдық артады. Бұл тек бір адамның өміріне қатысты емес, ол тұтас елдің, қоғамның игілігіне ықпал етеді.