Бизнеске айналған хобби кәсіпкерлерді неге таңғалдырды?

Университетте 4-курста оқып жүрген кезде өзімізді еден деңгейінде тұрғандай сезіндік. «Оқу бітірген соң не істейміз?» деген сұрақ мазалай берді. Бірге жүрген төрт жолдасқа қатар келген ой жаңа істі қолға алуға түрткі болды. Төртеуіміз университет қабырғасында студенттер ұйымын басқарған едік. Сол ұйымды басқа студенттерге табыстағаннан кейін жаңа күн тәртібіне үйрене алмадық. Ісіміз кері кеткендей сезімде болдық. Бұған дейін қаладағы түрлі концерт, жиындарды ұйымдастыратынбыз. Бір мезетте осының бәрі тоқтап қалғандай болды.

Алмас Маратұлы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Сол кез 14 ақпандағы ғашықтар мерекесіне сай келді. Бұл күнді елімізде харам санайтын адам көп. Дегенмен біз осы күннен пайда тапқымыз келді. Өзіміз де бұл күнді діни мереке деп қабылдамаймыз. Бірақ бұл бізге мүмкіндік тәрізді көрінді. Үш-төрт жыл бұрын қыдыру деген түсінік клубқа, караокеге, кинотеатрға бару тәрізді жаттанды ұғыммен ғана байланысты еді. Ортамызда қалыптасқан қағиданы бұзып, айтулы датада ғашықтарға басқа атмосфера сыйлайық деп шештік. Сол күннен бір-екі апта бұрын Көкжайлауға барып, сырғанақ теуіп, ойнап қайтқан болатынбыз. Ғашықтар мерекесін керемет ойын-сауыққа айналдыруға болатынын ескердік.

Сөйтіп кішігірім тур ұйымдастырмақ болдық. Қызмет бағасына барып-келу шығыны, фотосъемка, тәттілер, екі жасқа сыйлық құнын енгіздік. Фотошопты қолдануды білеміз, осы ой келгеннен кейін бірден афишасын дайындадық та, әлеуметтік желілерде ақпарат тарата бастадық. Желідегі танымал топтың біріне 18 мың теңгеге жарнама бердік. Содан кейін телефонымызда маза болмады. Мұндай реакцияны күткен жоқ едік. Сөйтіп 26 жұпты, яғни 52 адамды Көкжайлауға алып бардық. Өзімізге де қызық болды. Бұрыннан студенттерге түрлі шара ұйымдастырып үйреніп қалғандықтан мұның еш қиындығы байқалмады.

Әлі есімде. Қонақтарымызды шығарып салғаннан кейін бір асханаға барып, түскен пайданы есептедік. Төртеуімізге бөлгенде мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін маманның бір айлығы шықты. Бұлай болады деп күткен жоқ едік.

Темірлан Серікбаев
Темірлан Серікбаев, Limon.kz қызметкері. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Іс нәтижелі болды. Ал енді тағы не істейміз? Алда 8 наурыз мерекесі бар. «Ендеше, осы жолы Шарын шатқалына барайық» деген ұйғарымға келдік. Тағы да адам көп жиналды. Барлығы — студент. Қызмет бағасы сол кезде өте төмен  болды. Дегенмен түскен пайданы есептегенде әр адамға 100 мыңгеден үлестірілді. Тағы да түсінбедік.

Мамырға дейін турларды ара-тұра ұйымдастырып тұрдық. Бұрынғыдай емес клиенттеріміздің жас ерекшелігі де өзгере бастады. Осыдан кейін заң аясында жұмыс істеудің уақыты жеткенін түсініп, ресми тіркелдік. Бұл да қызық процесс болды. Халыққа қызмет көрсету орталығына ЖШС-ны қалай ашу керегін сұрау үшін барғанбыз. Шамамен төрт сағат ішінде ЖШС ашып, салық комитетіне ресми тіркеліп, қолымызға мөрімізді де алып үлгердік. Бұл қалай болды? Біз енді компаниямыз ба?

Ермұрат Баймұрзин, Темірлан Серікбаев. Limon.kz командасы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Күз мезгілі жетті. Күн суытты. Әрқайсымыз «мамандық бойынша жұмыс істейміз ғой» деген ішкі оймен жүрдік. Сөйтіп екі айдай уақыт жұмыс тоқтап қалды. Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшамызға бірнеше мың адам жазылып үлгерген еді. Солардан хат үзілмеді. Осы істі бастаған төртеу қайтадан бас қосып, қаңтар айына дейін дайындық жүргіздік.

Бағыт санын көбейттік. Қазіргі таңда 11 бағытқа (10-ы Алматы облысының аумағына, біреуі Түркістан облысына) қонақтарымызды алып барамыз. Алдағы уақытта да бағыт санын көбейтеміз. Қазір Қазақстанның туризм саласына сенетін, осы істе бірге табыс тапқысы келетін инвесторды қарастырып жатырмыз.

Лимон деген немене?

Компанияны Limon.kz деп атауды ұйғардық. Адамдардың есінде тез жатталып қалуды қаладық. Сонымен қатар лимон «миллион» деген ұғымды да білдіреді, әрі алгебрада lim шексіздік деген ұғым болса, ағылшынша on қосу, қосылу деген мағына береді, яғни «шексіздікті қос». Бұл біздің ұранымызға айналды.

Үш айдан бері құрылтайшымыздың біреуі білім саласына көшті, бірі event саласына қарай бет бұрды, қалған екеуіміз осы туризм саласындамыз. Алайда құжат бойынша бірге жұмыс істейміз.

Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Туризм болғаннан кейін адамдармен тікелей қарым-қатынастамыз. Адамға жағу өте қиын. Әлі есімізде: бұрын жатақханада макаронды макаронға қуырып жейтінбіз, яғни оған қосатын ет те, пияз да табылмай қалатын кездер болды. Қазір жылдық айналым — 15-20 миллион теңге. Командамызда алты адам бар. Барлығы — бұрын студенттер ұйымында бірге жұмыс істеген жігіт.

Туризмде қазақ аудиториясының сұранысы қанағаттандырылмай келеді

Алматыда 30 шақты турфирма бар. Олардың басым көпшілігі орыс тілінде. Осы іспен айналысқалы бері қазақ аудиториясының сұранысы қанағаттандырылмай келе жатқанын байқадық. Бұдан бөлек, тәжірибемізде бірнеше рет шетелдік туристерге де қызмет көрсеттік. Ең алғаш Австралиядан келген қонақтарды қабылдадық. Құда күткендей сезімде болдық. Қазір қазақ, орыс тілінен бөлек, ағылшын және қытай тіліндерінде қызмет көрсетеміз. Алматыға Қытайдан, Үндістаннан, Франциядан, Германиядан қонақтар аз келмейді. Барлық мейманға еліміздің сұлу табиғатын көрсетіп, туризмге үлес қосып жатқанымызға қазір қуанамыз.

Бұл саладан бөлек, бітірген мамандығым бойынша телевизияда бағдарлама редакторы болып қызмет атқарамын. Limon.kz жұмысы әлі күнге дейін хобби ретінде жүреді. Төрт адам аптасына бір рет жиналып, жұмыс барысын, жоспарды қадағалап отырамыз. Қазіргі уақытта айлық, жылдық жоспарларымыз жазылып тұр. Сол бойынша жұмыс істеп келеміз. Жоғарыда айтып өткенімдей, туризм, білім және event бойынша да осындай жоспармен келе жатырмыз. Әрқайсымыздың атқаратын жұмысымыз белгілі. Кәсіпте тәжірибеміз жоқ болса да, уақыт өткен сайын істеген ісіңнен сабақ алады екенсің.

Limon.kz командасы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» да туризмге аса маңызды сала ретінде назар аударылады. Бұл саладан пайда табуға болатынын мемлекет те бұрыннан біледі. Оны түсінетін компания, фирмалар да көбейіп жатыр. Бұл біз үшін де пайдалы. Бәсекелестеріміз қаншалықты көп болса, құлшынысымыз да арта береді. Осыған дейін жұмысызды тұтастай көшіргендер болды, тіпті атауы да ұқсап кетіп жатты. Бірақ мұндай көшірмелер ұзаққа бармайтынына олардың да, біздің де көзіміз жетті.

Стартап екі жыл өмір сүреді. Үшінші жылға жетсе, бизнеске айналады. Біз ол кезеңнен өттік.

Алмас Маратұлы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Бұрын салауатты өмір салтын ұстанатындар қатарынан емес едім. Шыны керек, мен үшін демалыс диванда жатып телевизор көру еді. Қазір бәрі басқаша. Тауға, көлге жиі барамын. Бұл өзіме де, денсаулығыма да пайдалы әрі қызық іс. Көлсай, Қайыңды, Іле Алатауы ұлттық саябағына барсаңыз, көктем, жаз, күз айларында адам өте көп. Бір қуантарлығы, бұл жерлерден екі-үш жыл бұрын еуропеоидтарды көбірек көрсек, қазір біршама қаракөздердің де саны артқан. Жастардың, қазақ отбасыларының демалыстың осы түріне ауыса бастағаны ерекше қуантады. Бизнес бастаймын десең, ішімдігі бар орын ашып та, қыруар ақша табуға болады. Бірақ одан қоғамға пайда, өзіңе пайда жоқ.

Үстімізден арыз жазылған кездер де болды. Олардың барлығы бәсекелестер атынан түскен болатын және мазмұны бір: «сендер ресми тіркелмегенсіңдер, салық төлемейсіңдер». Әрине, бұл жалған. Сыртқа оңай көрінгенімен тәуекелі мол іс. Турға алып барған соң адам өміріне, денсаулығына, амандығына жауапты боласың. Қазір мемлекет ұлттық саябақтардың жағдайын жасап жатыр. Жол салынып жатыр, адамдардың қажеттілігі ескеріліп келеді. Бұрын, тіпті, дәретхана да болмайтын.

Былтыр қонақтарымызға қағаз таратып, сауалнама жүргіздік. Үш пункт бойынша бізден не ұнамайтынын жазу керек болды. Үш жауапқа да «жол» деп жауап беретіндер көп еді. Бұл мәселе қазір шешіліп жатыр. Бір қызығы, елімізде музейлерде фотоға түсіруге болмайды деген тыйым бар. Жабық болған сайын ол адамға жұмбақ, белгісіз әлем болып қалады. Дәл сол сияқты Үлкен Алматы көлінде кәсіби фототүсірілім де тегін емес. Алайда халық бұны барлығына қатысты деп қате түсініп алған. Бұл — ақпараттың дұрыс таратылмауынан туындаған түсініспеушілік.

Басты қағидаларымыздың бірі: бүгінгі клиент ертең де келуі керек. Қазір түрлі компания, банктерден де тапсырыс аламыз. Олардың қызметкерлеріне тимбилдинг, турлар ұйымдастырамыз. Әуелде ешқандай жарнама жасамадық. Барлығы бір-бірінен естіп келіп жатты. Демек, оларға біздің қызметіміз ұнаған. Осыны ескере отырып, шағын маркетингтік амал жасап, әр клиентке бонус картасын таратуды бастадық. Бір рет бізбен бірге турға шыққан адам келесі жолы 10 адамға дейін 10% жеңілдікпен бара алады. Бұдан біз еш ұтылмадық.

Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Қай тілде болмасын, Қазақстанда қызмет көрсету саласының ақсап тұрғаны жасырын емес. Маркетинг бойынша кітаптан, интернеттен білім алуға тырысамыз. Мысалы, ай сайын жұмыс мониторингін жасап отырамыз. Осы айда біз қанша табыс таптық және ол неге көп, яки аз? Себебін анықтап, келесі айға сабақ аламыз. Қарапайым есеп болғанымен бұл да өте маңызды.

2 миллион теңге шығынға ұшыраған стартаперлер

Басты қатеміз: бұл салаға сенбей кірдік. Студенттердің хоббиі ретінде басталды, нәтижесі болды. Бірақ оның тұрақты бизнеске айналатынына сенбедік. Бұл бір күні тоқтайды деген оймен жүрдік. Сөйтіп арада біршама кідіріс жасадық. Әрине, тұралап қалып, дамымай қалдық демейміз. Бірақ екі ай кідірістің, біз үшін «екінші пландағы» статусының өзі жетістікке жетуге кедергісін келтірмей қоймады.

Limon.kz командасы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Limon.kz-тен түскен пайдаға тәтті сататын дүкен аштық. Контейнер сатып алдық, ішін тәттіге толтырдық. Беделді университетті бітірген төртеуіміз қызыл дипломмен базарда тұрдық. Бір ай өтті. Күн суытты, контейнердің іші салқын. Ақшамыз күйіп барады, кәмпиттер өтпейді. Мүлдем қызықсыз жұмыс болды. Уақыт өте келе бір-бірімізді кінәлап, «Мен айтқанда сен неге тоқтатпадың? Сен неге айттың?» деген түсініспеушілік басталды. Жедел әрекетке көшпесек, бұдан да үлкен шығынға ұшырайтынымызды білдік. Сөйтіп, 2 миллион теңге шығынмен, өтпеген кәмпиттерді өзіміз жеп, екі ай өткен соң контейнерді өз бағасынан бес есе арзан сомаға саттық.

Алмас Маратұлы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Ыстық-суығы басылмаған кешегі студенттер үшін бұл үлкен соққы болды. Үлгі тұтатын ағамызбен сөйлестік. Ол бізге құнды ақыл-кеңесін айтты. Әлі күнге дейін сол ақылын есіме аламын. Таңертең осындай шығынға ұшырамау үшін, суық контейнерде тоңып тұрмау үшін ертерек жұмысқа кірісуге тырысамын. Ақшалай шығынға ұшырадық, бірақ ұзақмерзімді мотивация, сабақ алдық.

Өзіне би, өзіне қожа адам еркіндіктің әсерінен құрып кете алады. Ешкім саған «неге жұмыс істемейсің?» демейді. Төртеуіміз де қарапайым отбасыдан шықтық. Үш ұл, бір қыздың да ата-анаға құрметі, олардың жағдайын жасап беру деген арманы бизнеске құштарлығын оятты. Біз кәсіпкер болуды көздемедік, тек жақсы өмір сүргіміз келеді. Бұл — жетістікке жетудің қарапайым формуласы, бірақ өз деңгейінде өте мықты мотивация.