Астанада танымал боксшы Данияр Елеусінов ұсталды деген ақпарат әлеуметтік желілерде тарады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Желіде жарияланған мәлімет бойынша, боксшы жол-көлік оқиғасына қатысып, кейін оқиға орнынан кетіп қалған деген ақпарат тараған.
Астана қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, қалада екі жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан бірнеше автокөлікке зақым келген. Алдын ала мәлімет бойынша, жол апатына Toyota Land Cruiser көлігінің жүргізушісі себеп болған.
Полицияның мәліметінше, жүргізуші оқиға орнынан кетіп қалған. Алайда жедел іздестіру іс-шаралары барысында көлік Достық көшесінде тоқтатылған.
Рөлде масаңдық белгілері бар 35 жастағы ер адам отырды, – делінген хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, жол апатынан зардап шеккендер жоқ. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында тексеру жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша жүргізушінің әрекетіне құқықтық баға беріледі.
Полиция заң алдында барлық азаматтың тең екенін атап өтті.
Айта кетейік, Данияр Елеусінов – екі дүркін Азия чемпионы және 2016 жылғы олимпиада чемпионы.
