Баланың дұрыс өсіп-жетілуі, оқу үлгерімі мен денсаулығы үшін ұйқы жеткілікті болуға тиіс. Ата-ананың көбі сәбиге, мектеп жасына дейінгі балаға, оқушы мен жасөспірімге тәулігіне қанша сағат ұйқы қажет екенін білгісі келеді. Мамандардың айтуынша, әр баланың ұйқы қажеті әртүрлі болуы мүмкін. Дегенмен ғылымға негізделген нақты ұсыныстар бар. Олар балаңыздың өсіп-жетілуі, білім алуы және белсенді өмір сүруіне жеткілікті ұйықтап жүргенін анықтауға көмектеседі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Бала ұйқысына қатысты ұсыныстар
Америка Ұйқы медицинасы академиясы (American Academy of Sleep Medicine, AASM) балалардың жас ерекшелігіне қарай тәулігіне қанша сағат ұйықтауы қажет екені жөнінде ұсыныстар әзірлеген. Бұл ұсыныстар тәулігіне 24 сағат ішіндегі жалпы ұйқы ұзақтығына қатысты. Сондықтан балаңыз күндіз де ұйықтайтын болса, оны жалпы ұйқы уақытына қосып есептеу қажет.

Кейде ата-ана балалары да өзі сияқты аз ұйықтап жүре алады деп ойлайды
Балаңызды жеткілікті ерте ұйықтатасыз ба? Жоғарыдағы ұсыныстар сізді ғана таңғалдырмағанын еске саламыз.
Әсіресе, жұмыс істейтін және балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған ата-ананың көпшілігі тәулігіне небәрі 5–6 сағат, кейде одан да аз уақыт ұйықтауға мәжбүр. Бұл олардың әлеуметтік және психикалық жағдайына әсер етіп қана қоймай, денсаулыққа байланысты басқа да мәселелердің қаупін арттыруы мүмкін.
Кейде ата-ана балалары да өзі сияқты аз ұйықтап жүре алады немесе анда-санда бірнеше сағат ұйықтамай қалса, оған оңай бейімделеді деп ойлауы мүмкін.
Барлық бала ұйықтау тәртібі тұрақты болған кезде өзін жақсы сезінеді әрі жақсы дамиды.
Баланың ұйқысы ұдайы қанбай жүрсе, уақыт өте келе мінез-құлқындағы және денсаулығындағы түрлі мәселеге тап болуы мүмкін. Олардың қатарында:
- ашушаң болуы;
- зейін қоюдың қиындауы;
- артериялық қысымның жоғарылауы;
- семіздік;
- бас ауруы;
- депрессия бар.
Ал жеткілікті ұйықтайтын балалардың иммун жүйесі мықтырақ болады. Олардың сабақ үлгерімі, мінез-құлқы, есте сақтау қабілеті және психикалық денсаулығы да жақсырақ дамиды.
Дұрыс ұйықтау әдеттері: Америка педиатрия академиясының (AAP) кеңесі
Америка педиатрия академиясы (American Academy of Pediatrics, AAP) Америка Ұйқы медицинасы академиясының ұсыныстарын қолдайды және ата-аналарға балалардың кішкентай кезінен бастап дұрыс ұйықтау әдетін қалыптастыруға кеңес береді.
Ұйқыны отбасындағы басымдықтардың біріне айналдырыңыз
Мамандар жеткілікті ұйқының қаншалық маңызды екенін және оның сіздің де, балаңыздың да жалпы денсаулығына қалай әсер ететінін түсінуге кеңес береді.
Балаңызға ең үлкен үлгі өзіңіз екенін есте сақтаңыз. Сондықтан жақсы үлгі көрсету маңызды.
Жасөспірім балаңызбен бірге түні бойы оның үй тапсырмасын түзетіп отырсаңыз немесе жұмысыңыз үшін өзіңіз де түні бойы ұйықтамай еңбек етсеңіз, бұл балаңызға дұрыс үлгі емес.
Ал өзіңіздің де ұйқыңызды бірінші орынға қою арқылы балаңызға ұйқының дұрыс тамақтану мен тұрақты дене белсенділігі сияқты салауатты өмір салтының ажырамас бөлігі екенін көрсетесіз.
Күнделікті тұрақты тәртіпті сақтаңыз
Күн сайын бір уақытта ояну, тамақтану, күндіз ұйықтау, ойнау балаға өзін қауіпсіз әрі жайлы сезінуге көмектеседі. Бұл кешкі уақытта ұйықтауға дайындалуды жеңілдетеді.
Кішкентай балаға ұйықтар алдындағы тұрақты рәсімді ерте жастан қалыптастырған дұрыс. Мысалы:
- тіс ысу;
- кітап оқу;
- төсекке жату.
Мамандар қолданатын ұйқы тәртібі кез келген жерде сақталуы керек екенін айтады. Сонда балаңыз үйде де, сапарда да немесе басқа жерде де тез ұйықтай алады.
Күндіз белсенді болсын
AAP балалардың күндіз қызық әрі алуан түрлі іспен айналысуына жағдай жасауға кеңес береді.
Оның ішінде:
- дене белсенділігі;
- таза ауада серуендеу
міндетті түрде болғаны жөн.
Экран алдында өткізетін уақытын қадағалаңыз
Америка педиатрия академиясы (AAP) теледидар, компьютер, ноутбук, планшет пен телефонды баланың жатын бөлмесінде, әсіресе түнгі уақытта ұстамауға кеңес береді.
Ұйқы тәртібі бұзылмас үшін барлық экранды ұйықтардан кемі 60 минут (1 сағат) бұрын сөндірген дұрыс.
Мамандар отбасы мүшелеріне арналған медиа пайдалану жоспарын (Family Media Use Plan) жасап, ұйықтар алдындағы гаджет қолдануға нақты шектеу қоюды ұсынады.
Ұйқыға қолайлы әрі қауіпсіз орта жасаңыз
AAP ұйықтар алдында бөлмедегі жарықты бәсеңдетіп, үйдегі температураның жайлы болуын қамтамасыз етуге кеңес береді.
Бала төсегін ойыншыққа толтырып қоймаған жөн.
Төсек – ойын ойнайтын емес, ұйықтайтын орын болуы керек.
Бір немесе екі сүйікті ойыншықтың (мысалы, қуыршақ немесе қонжықтың) және сүйікті жамылғының болғаны — қалыпты жағдай. Олар балаға ата-анасынан уақытша ажыраған кездегі мазасыздықты жеңілдетуге көмектесуі мүмкін.
Жасөспірімдерге ұйқы көбірек қажет
Мамандардың айтуынша, жыныстық жетілу кезеңі басталған кезде жасөспірімдердің ұйқы мен сергектік циклі, шамамен екі сағат кейін жылжиды.
Жоғары кластарда сабақ таңертең ерте басталады. Осыған байланысты Америка педиатрия академиясы орта және жоғары мектептерде сабақтың басталу уақытын сағат 08:30-дан ерте қоймауды ұсынып келеді.
AAP ата-ана мен жергілікті білім беру органдары жасөспірімдердің денсаулығына қажет ұйқыны қамтамасыз ету үшін мектептің басталу уақытын кейінірек белгілеу мәселесінде бірлесіп жұмыс істеуі қажет екенін айтып отыр.
Баланы бөтелкемен ұйықтатпаңыз
AAP нәрестені шырын, сүт немесе сүт қоспасы құйылған бөтелкемен ұйықтатпауға кеңес береді.
Тек су беруге болады.
Себебі бөтелкеде судан басқа сусын болғаны нәрестенің бөтелке кариесі шығуына себеп болуы мүмкін.
Алдымен балаңызды тамақтандырып немесе емізіп алып, содан кейін ғана ұйықтатқаныңыз дұрыс.
Қосымша тамақты тым ерте бастамаңыз
AAP мамандары нәрестеге, шамамен 6 айға дейін қосымша тағам бермеуге кеңес береді.
Көпшілік қосымша тағамды ертерек бастаса, сәби түні бойы жақсы ұйықтайды деп ойлайды. Алайда мамандар бұл пікірдің дұрыс емес екенін айтып отыр.
Керісінше, баланың ас қорыту жүйесі дайын болмай тұрып қосымша тағам берілсе, іші ауыруы мүмкін. Соның салдарынан сәби түнде бұрынғыдан да мазасыз болуы ықтимал.
Баланың күн тәртібін шамадан тыс жүктемеңіз
AAP мәліметінше, қазіргі таңда көптеген баланың үй тапсырмасынан бөлек, кешкі уақытта да түрлі жоспарланған іс-шара болады.
Олардың қатарында:
- спорттық жаттығулар мен жарыстар;
- қосымша сабақтар;
- түрлі үйірме;
- дәрігерге көріну және басқа да кездесулер бар.
Мамандар мұндай тығыз кесте баланың жеткілікті ұйықтауына кедергі келтіруі мүмкін екенін айтады.
Сондықтан ата-ана балалардың тынығып, босаңсуына және ештеңеге алаңдамай демалуына арнайы уақыт бөлгені жөн.
Ұйқы мәселесін уақтылы байқауды үйреніңіз
AAP балаларда жиі кездесетін ұйқы проблемаларына мыналарды жатқызады:
- ұйықтап кетудің қиындауы;
- түн ішінде жиі ояну;
- қорылдау;
- ұйықтаудан қашқақтау немесе түрлі себеп айтып кешіктіру;
- ұйқы апноэсы;
- ұйқы кезінде қатты немесе ауыр тыныс алу.
Мұғаліммен немесе тәрбиешімен сөйлесіңіз
Мамандар ата-анаға баланың күндізгі сергектігі туралы мұғалімімен немесе тәрбиешісімен сөйлесуге кеңес береді. Өйткені ұйқы мәселелері күндіз де байқалуы мүмкін.
Ұйқысы аз немесе сапасыз болған бала сабақ кезінде зейін қоя алмай, ойы бөлінуі немесе қалғып кетуі мүмкін.
AAP мұғалімнен балаңыздың сабақ үстінде ұйықтап кеткені, оқу үлгерімі немесе мінез-құлқына қатысты қандай да бір қиындық байқалса, міндетті түрде хабарлап отыруын сұрауға кеңес береді.
Педиатрмен кеңесіңіз
Америка педиатрия академиясы ата-анаға баласының ұйқы әдеті мен мәселелерін педиатрмен талқылауды ұсынады.
Мамандардың айтуынша, баланың ұйқыға қатысты мәселелердің басым бөлігін емдеуге немесе түзетуге болады.
Педиатр сізден баланың ұйқы күнделігін жүргізуді сұрауы немесе оның ұйқы әдеттерін жақсартуға арналған қосымша ұсыныстар беруі мүмкін.
