Қазақстан бойынша 19 қалада 24 ана үйі және әр үйдің қаржыландыратын бір меценаты бар. Алғашқы «Ана үйі» Астана қаласында ашылған. Пилоттық жоба ретінде қаралған қоғамдық қордың мақсаты – жетімдер үйіне балалардың көп түспеуіне атсалысу. Біз барған Алматы қаласындағы «Ана үйі» 2013 жылы мамыр айында ашылған. Координатор Аминат Джаппуеваның айтуынша, ана үйі перзентханалармен тығыз жұмыс істейді.

Аминат Джаппуева: Көмектен бас тартқан ана болған емес

Ана үйі
Аминат Джаппуева, Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

«Әкесі баладан бас тартып отырса, алданып қалған қызды туған туысқандары қабылдамаса, басқа да қиын жағдайға ұшыраған қыз өз баласын алдыртудан немесе босанғаннан кейін тастап кетуден басқа амал таппай қалуы мүмкін. Сондай қыздар туралы перзентхана мен емханалар қызметкерлері бізге хабарлайды. Психолог екеуміз баладан бас тартқалы отырған анаға «Ана үйі» бар екенін, оған көмек беретінімізді жеткіземіз. Төрт жарым жылдың ішінде бір ғана қыз ұсынған көмекке «жоқ» деген шығар, бірақ одан басқа бірде-бір ана көмектен бас тартқан емес», — дейді ол.

Сен ана болдың!

Аналар үйі кәмелетке толмаған қыздардан бастап, 30 жасқа дейінгі қыздарды қабылдайды. Қыздар жағдайына қарай алты ай, ары кетсе бір жыл Ана үйінде тұра алады. Жүктіліктің 7-8 айынан қабылдай береміз. Неге десеңіз, құрсағы өсе келе, оны жұмысқа ешкім алмайды. Пәтерге төлейтін, тамағын алатын қаражаты жоқ. Емханалар бізге «Мына қыз өте қиын жағдайда отыр, қабылдайсыңдар ма?» деп хабарласады. Әрине, қабылдаймыз. Баланың әкесімен байланысқа шығудың амалын іздейміз. Біздің мақсатымыз — жастардың тату-тәтті тұрмыс құруына көмектесу.

Көп жағдайда қыздарды туған-туыстары қабылдап, «Ана үйінен» алып кетеді. Олардың басты қателігі — Ата-анам өлтіреді деп қорқып, ұялып ешкімге айтпағандығы.

«Шынында да, ата-ана бір-екі күн ұрысар, бірақ кейін реніштері басылғанда, бұл жағдайға ақылмен қарар», — деп түсіндіремін. «Сен ана болдың! Сенің ендігі мақсатың — баланың бақытты болып өсуіне жағдай жасау, білім беру. Сенде болған қиыншылыққа ұшырамасын десең, жағымды тәрбие беру керексің» деп айтамын.

Ана үйі
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Қазір Алматыдағы Ана үйінде 16 ана тұрып жатыр. Оның ішінде екеуі кәмелетке толмағандар. Үшеуінің аяғы ауыр, әлі босанбаған. Қазақстанның басқа да қалаларынан келгендер бар. Олардың көбі — Оңтүстік Қазақстан облысынан.

2014 жылдан бері 208 қызды «Ана үйінен» шығарып салдым. Ал «Ана үйі» фонды 3108 қызға көмек берді. Бұл дегеніміз 35 жетімдер үйі болған жоқ.

Ана үйі
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Үйге орналасар алдында қыздар құжаттар толтырады. Құжатта жазылған ережелерді оқып, танысады. Осы күнге дейін ереже бұзған қыздар болмады. Бірақ бұзған жағдайда екі рет ескерту айтамыз, үшінші рет тәртіпке бағынбаса онымен қоштасамыз.

Қыздар кезекпен асханада тамақ дайындап, кезекші болады. Таңертең таңғы ас дайындап, әрқайсысы бөлмесін өздері жинайды. Кір жуғанда да кезекпен жуады.

Ана үйі
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Психолог кесте бойынша келіп, жеке немесе топтық жұмыстар жүргізеді. Одан бөлек, тігін тігу, компьютер, бет бояу,  шаш әрлеу, орыс тілі мен ағылшын тілі сияқты сабақтар өтіп тұрады. Қыздарға тігін тігуді үйретеді. Қыздардың көбі ауылдан келгендіктен, орыс тілі сабақтарын арнайы өткіземіз. Өйткені, қалада қара жұмыс жасау үшін де, кішкене болса да орыс тілін білу керек.

Жұмыс істейтін аналар да бар

Аналар психологтың рұхсатымен ғана жұмысқа шығады. Бала анасыз жалғыз қалуға дайын болса, жұмысқа шыға беруге рұқсат береді. Қыздарға: «ақша табамын десең, кез келген уақытта таба аласың», — деймін. Кәмелетке толмаған соң, көзге түскен затты алуға қызығады ғой. Олардың тағдыры өте ауыр. Құжаты жоқ қыздар да бар.

Ана үйі
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Төрт жылдың ішінде баланың әкесін тану бойынша 17  сот процесі болды. Оның бәрін де жеңіп шықтық.

Ана мен баласы үйден кетсе де, олардың жағдайын біліп отырамыз. Өздері де хабарласып, демалыс және мереке күндері келіп тұрады. Кеше бір қызым босанды. «Апай, бауы берік болсын! Тағы немерелі болдыңыз!», — деп құттықтап жатыр.

Ана үйі
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Жақында Алматы қаласында жыныстық зорлық құрбандарына арналған «Киімді кінәлама» атты көрме өткен болатын. Көрмеге жыныстық зорлықтың құрбандары киген киімдер қойылған еді. Екі оқиғаның кейіпкері дәл осы «Ана үйінде» тұрып жатыр.

Ана үйі
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Кейіпкерлер тағдыры

Бірінші кейіпкер: «Балама екі айлық кезде, кондитерлік цехта жұмыс істеп жүрдім. Сонда әріптесіме басыма түскен қиындық жайлы айтып бердім. «Баланы алдыратын шығармын…» деп шешім қабылдадым. Ол кісі маған: «ертең осы күнге да жете алмай, өкініп қаласың. Бір бағдарламадан «Ана үйі» бар екенін көріп қалдым», — деді. Бірден интернет арқылы бағдарламаны қайта қарап шықтық. Ол жерде аналар үйінің қыздары балаға да көмектесетінін айтып жатты. Интернеттен үйдің мекен-жайын біліп алдым. Ол кезде пәтер жалдап тұратынмын. Туысқандарым бұл жағдайдан хабарсыз. Олардан әлі күнге дейін балам барын жасырып келемін. Туған әпкем ғана біледі. Бірақ ол көмектесе алмайды. Оның өзінің отбасы, ата-енесі бар».

Ана үйі
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Екінші кейіпкер: «Жігітім екі қабат екенімді белгеннен кейін ұшты-күйлі жоқ болып кетті. Кейін оны әпкем іздеп, тауып алды. Жігіттің туысқандарына болған жағдайды айтты. Анасы бізді қосудың барлық амалын жасап келеді. Ана үйінде тұрып жатқаныма тоғыз ай болды. Алты ай өткен соң, Астанаға өтініш жазып үйде тұрудың уақытын ұзарттық. Осында тұрып жатқан қыздармен жақсы тіл табысамыз. Барлығымыздың тағдырымыз бірдей. Мен мұңайып отырсам, олар көңілімді көтергісі келеді. Бір-бірімізге: «бірге пәтер жалдаймыз, жағдайымызды жақсартамыз», — деп демеу боламыз. Белгілі бір себептерге байланысты жоғарғы білім ала алмадым. Сүйікті ісім – кондитерлік өнімдер дайындау. Балам өскен соң, осы саланы қолға аламын.

Ана үйі
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Келесі кейіпкеріміз болса, «Ана үйіне» жүкті кезінде келген. Осында тұрып жатқанына алты ай болған. «Аяғым ауыр екенін анам мен бауырларым ғана біледі. Туған туысқандырым білмейді. Жігітім алдап кетті. Әлі жас, жауапкершілікті алуға дайын еместігін айтады», — дейді ол.

Кейіпкердің қызын бүгін ана үйінде қырқынан шығарып жатыр. Үйде арнайы мерекелік тәттілер жасалып, барлығы дайындық үстінде жүр. Қазақта қырқынан шыққан бала адам қатарына қосылып, қауіпті кезеңнен өтті деп есептеледі. Кішкентай Аянаның өмірде бақытты болатынына күмән жоқ. Себебі оны анасы тастап кеткен жоқ…

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.