Кейінгі кезде қазақша дубляжға қызығатындар артып келеді. Осы бағытта бірнеше жобаны қазақшалап, көрерменге ұсынған студияның бірі – Anidybys. Жобаның негізін Диас Балаби қалап, ұжымымен бірге танымал анимелерді қазақ тілінде дыбыстап жүр. Baribar.kz тілшісі дубляж актерінен жоба қалай басталғанын, анименің қазақша нұсқасына сұраныс қандай екенін сұрады.
«Қазақша аниме мүлдем жоқ еді»
Диас Балаби дубляжға бірден келмеген. Алғашында ол түрлі кейіпкерге пародия жасап, Chatroulette платформасындағы қолданушыларды таңғалдырған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Оның айтуынша, 2020 жылдары қазақша дубляждың сапасы көңілінен шықпаған. Ал анименің қазақша нұсқасы мүлдем болмағандықтан, кейін осы бағытта жұмыс істеп көруге бел буыпты.
Сол кезде «Неге анимені қазақша дыбыстамасқа?» деген ой келді. Нәтижесінде Anidybys ұжымымен анимелерден үзіндіні қазақша дыбыстап, әлеужеліге жариялай бастадық, – дейді Диас.

- Anidybys студиясының алғашқы дыбыстаған туындысы – «Жын жоюшы: Шексіз пойыз» (Demon Slayer: Mugen Train).
«Анимеде эмоция әлдеқайда басым»
Диастың айтуынша, анимені дыбыстау фильмге қарағанда күрделі. Себебі анимеде эмоция басым, кейіпкердің сөйлеу мәнері жылдам. Дубляж актері тек мәтінді оқымай, кейіпкердің мінезін, дауыс ырғағын және сезімін жеткізе алуы керек.
Жапон мәдениетіне тән әзілдерді қазақша бейімдеу аса қиын емес екен. Әзіл өзімізге түсінікті, күлкілі болса, көрерменге де жақсы жетеді. Мағынасынан айырмай, барынша қазақшалауға тырысамыз, – дейді ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Көпшілік «Дубляж кезінде түпнұсқаның мәні жойылып кетпей ме?» деген сұрақ қояды. Ал Anidybys негізін қалаушысы мұның қате пікір екенін айтты.
Қазақ тілі анимеге өзгеше реңк береді. Сондықтан басты міндет – кейіпкердің эмоциясын, мінезін және түпнұсқадағы сезімді дәл жеткізу, — дейді Диас.
Бір жобаны дыбыстауға кететін уақыт
Дубляжға кететін уақыт жобаның көлеміне, қаржысына және қаншалық күрделі екеніне байланысты.
Мәселен, «Сиқырлы шайқас» (Jujutsu Kaisen) анимесінің алғашқы маусымын дыбыстауға бір ай уақыт берілген. Алайда ұжым жобаға қызығып, 24 бөлімнен тұратын маусыммен қатар 90 минут толықметражды фильмді де дыбыстаған. Нәтижесінде жұмыс, шамамен бір жарым ай кешігіп аяқталған.
Диастың айтуынша, жоба көлеміне қарай ұжым құрамы да өзгеріп отырады. Кейде, шамамен жеті адам жұмыс істесе, ірі жобаға 15 адамға дейін қатысады.
Кейіпкерлердің даусын қою да қаржыға байланысты. Мүмкін болса, әр кейіпкерге жеке актер таңдалады. Ал бюджет шектеулі кезде бір актер бірнеше кейіпкердің даусын салуы мүмкін.

«Ең қиыны – мықты аудармашы табу»
Дубляж саласында қаржы мен маман әлі де тапшы. Дегенмен Диастың айтуынша, ең басты мәселе – кәсіби аудармашы табу.
Ол дубляж мәтіні көрерменге табиғи естілуі керек деп есептейді.
Кей аудармашы мәтінді тым әдеби тілде аударады. Дубляжда көрерменге табиғи нұсқа өтімді. Менің мақсатым – қазақша дубляжды жеңіл әрі күнделікті ауызекі стильге жақын ету. Сонда кейіпкерлердің сөзі жасанды емес, шынайы шығады, – дейді ол.
Диас қазақша дубляжға сұраныс бар екенін, көрермен сапалы әрі кәсіби дыбысталған туындыларды көргісі келетінін айтты.

Қандай туындылар қазақша дыбысталды?
Anidybys командасы ресми түрде Unico Play платформасына арнап, бірнеше танымал жобаны қазақша дыбыстаған.
Олардың қатарында:
- «Аватар: Соңғы ауа иесі»;
- «Сузуме жапқан есіктер»;
- «Шипагер баяны»;
- «Сиқырлы шайқас» анимесінің бірінші маусымы мен толықметражды фильмі;
- «Менің қаһармандық академиям» бар.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Бұған дейін команда ресми емес жобамен де айналысқан. Соның ішінде «Жын жоюшы» мен «Наруто» фильмі қазақша дыбысталған.
Қазақша аниме дубляжына сұраныстың артуы бұл бағыттың дамуына серпін берді. Anidybys ұжымы да көрерменге сапалы дубляж ұсынуды жалғастырып, қазақ тіліндегі аниме қорын көбейтуді мақсат етеді.
***
Тағы оқыңыз:
