Алматыдағы Түрксіб ауданында тұрғындар күдікті ер адамды ұстап, полиция қызметкерлеріне тапсырды. Оның жанынан ұнтақ тәрізді зат салынған бірнеше орама табылған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, кешкі уақытта «102» желісіне жеке сектор тұрғындарынан қоңырау түскен. Олар көшеде ер адамның есірткі жасырылған орынды іздеп жүрген болуы мүмкін екенін хабарлаған.
Оқиға орнына жедел жеткен «Боран-813» экипажы келген кезде жергілікті тұрғындардың бірі күдіктіні ұстап, полицияға тапсырған.
Тексеру барысында жедел-тергеу тобы ер адамның жанынан ұнтақ тәрізді зат салынған бірнеше ораманы тәркіледі. Ұсталған азамат – Алматы қаласының 33 жастағы жұмыссыз тұрғыны екені анықталды. Күдікті есірткі қолданатынын және синтетикалық есірткінің жасырылған орнын іздегенін айтқан.
Тәркіленген заттың нақты құрамы мен оның шығу тегі сот-химиялық сараптамадан кейін белгілі болады.
Полиция тұрғындардың дер кезінде берген ақпараты заңсыздықты анықтауға және күдіктіні жедел ұстауға көмектесетінін айтты. Сонымен қатар полицейлер тұрғындарды күмәнді жағдайларды байқаса, бірден құқық қорғау органдарына хабарласуға шақырды.
