Басты бет / Жаңалықтар /
Айдос Жұмағұлов
Фото Айдос Жұмағұловтың жеке архивінен

Финтех экспорты: Freedom неге Еуропа, Түркия және Пәкістан нарығына шығып жатыр

Freedom банкі қазірдің өзінде Тәжікстанда жұмыс істейді, Грузия нарығына шығып жатыр, сонымен қатар Түркия, Еуропа және Пәкістан бағыттарын дамыту жоспарын қарастырып жатыр. Банк халықаралық кеңеюді дәстүрлі банкті көшіру ретінде емес, технологияларды, сараптаманы және цифрлық бизнес-модельді экспорттау ретінде бағалайды. Freedom банкінің Директорлар кеңесінің мүшесі Айдос Жұмағұлов «Курсив» басылымына берген эксклюзивті сұхбатында қазақстандық модельдің қай элементтерін еш өзгеріссіз шетел нарықтарына енгізуге болатынын және әр елде қандай шешімдерді нөлден бастап бейімдеуге тура келетінін айтып берді.

Халықаралық кеңею – Freedom банкі мен жалпы холдиң стратегиясының екінші, кем емес маңызды бағыты. Алайда бұл шетелде дәстүрлі форматтағы банк бөлімшелерін ашу дегенді білдірмейді. Банк халықаралық нарықтарға өз технологияларын, сараптамасын және дайын цифрлық бизнес-моделін экспорттауды көздейді.

Қазақстандағы табыс бірнеше негізгі құрамдасқа сүйенді: жеке цифрлық платформа, мемлекеттік сервистермен терең интеграция және банк, брокерлік қызмет, сақтандыру мен lifestyle өнімдерін біріктіретін экожүйе. Осы экожүйенің негізгі өзегі – мобайл қолданбалар, скориң модельдері, цифрлық онбордиң, AI-комплаенс, төлем инфрақұрылымы және SuperApp тетіктері. Бұл шешімдердің барлығы дерлік кез келген елге айтарлықтай өзгеріссіз енгізіле алады.

Технология өзгеріссіз қалады, ал интеграциялық қабат әр елдің ерекшелігіне қарай жергілікті деңгейде қалыптастырылады, – дейді Freedom банкінің директорлар кеңесінің мүшесі Айдос Жұмағұлов.

Бейімдеуді қажет ететін негізгі бағыттар – мемлекеттік жүйелермен интеграцияға қатысты барлық процесс. Олардың қатарында электрондық қолтаңба, KYC және AML рәсімдері, кредиттік бюролармен және жылжымайтын мүлік тізілімдерімен жұмыс бар. Түркия, Грузия немесе Пәкістан сияқты нарықтарда бұл интеграциялық қабаттарды жергілікті реттеуші талаптар мен клиенттердің ерекшеліктерін ескере отырып, нөлден бастап қалыптастыру қажет болады.

Әрбір нарық үшін SuperApp-тың басым сервистер жиынтығы әртүрлі болатын жеке нұсқасы әзірленеді. Барлық елдегі бастапқы негіз бірдей: күнделікті төлемдер, карталар, адалдық бағдарламасы және халықаралық ақша аударымдары. Алайда кейін әр нарықтың жергілікті ерекшеліктері ескеріледі.

Мысалы, Грузияда адалдық бағдарламасына жоғары қызығушылық байқалғандықтан, бұл елде ең алдымен Freedom инвестициялық валютасы іске қосылады. Ал Еуропадағы реттеушілер необанктерге оң көзқарас танытып отыр, сондықтан негізгі басымдық толық сәйкестендіру рәсімімен ұсынылатын карталарға беріледі.

Пәкістанда сәйкестендірілмеген электрон әмияндардан толыққанды қаржылық өнімдерге көшу үшін үлкен әлеует бар екенін көріп отырмыз. Біздің процестеріміз жүздеген миллион клиентті қамтуға мүмкіндік береді, – дейді Айдос Жұмағұлов.

Компания Түркия мен Еуропа нарықтарында баға арқылы бәсекелесуді мақсат етпейді, өйткені бұл – бәсекелестік деңгейі өте жоғары нарықтар. Негізгі басымдық технологиялар мен экожүйенің үйлесіміне беріледі. Нарықтағы ойыншылардың көпшілігі белгілі бір бағытта ғана мықты: бірі банктік қызметтерде, екіншісі инвестицияда, үшіншісі төлем сервистерінде. Ал Freedom осының барлығын бір қолданбада ұсынады. Дәл осы кешенді цифрлық экожүйе компанияның негізгі экспорттық өнімі.

Банк командасы Қазақстандағы модельді толықтай көшіруді жоспарламайды, өйткені әрбір елдің өзіндік ерекшелігі бар екенін жақсы түсінеді. Дегенмен цифрлық банкті қысқа мерзімде іске қосу әбден мүмкін. Ол үшін банк пен холдиңнің кәсіби командасы, мол тәжірибесі, озық технологиялары және қажет ресурстары бар.

Ал цифрлық ипотека және басқа да жетілген өнімдерді нарықта орныққаннан кейінгі келесі кезеңдерде кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok