Қазақстанда Тәуелсіздік күнін тойлау басталды

Қазақстан халқы Тәуелсіздік күнін тойлап жатыр.

Мемлекетіміз 27 жыл бұрын КСРО құрамынан бөлініп шығып, дербес ел болды. 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі мен мемлекеттік егемендігі туралы заң қабылданды.

Қазақстанда Тәуелсіздік күні 16-17 желтоқсанда тойланады, бұлар жұмыс күні болып саналмайды. Жылдағы дәстүр бойынша Тәуелсіздік күні қарсаңында елімізде қоғамның түрлі саласы бойынша еңбегімен, табысымен көзге түскен азаматтарға мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар, ерекшелік белгілері мен атақтар табыс етіледі. Себебі ол азаматтардың қызметі тәуелсіздіктің дамуына, еліміздің гүлденуіне қосылған үлес саналады.

Биыл мереке қарсаңында 1600-дей азаматқа мемлекеттік наградалар, атақтар мен ерекшелік белгілері берілді. Олардың арасында қарапайым шаруа мен мұғалімнен, өрт сөндіруші мен полицейден бастап министрлерге дейін бар.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 14 желтоқсан күні Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында Қазақстан халқын ұлттық мерекемен құттықтады.

Қадірлі қауым! Қымбатты отандастар! Баршаңызды баға жетпес басты мерекеміз — Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл — қыран құстай еркіндікке ұмтылған халқымыздың ғасырлар бойғы асыл арманы орындалған күн. Тәуелсіздік — жүрегі елім деп соққан әрбір қазақстандық үшін аса қадірлі, айрықша ардақты ұғым. «Адам бақытты өмір сүруі үшін оның тәуелсіз Отаны болуы қажет» деген даналық сөз бар. Бүкіл халқымыз ақсарбас айтып, егемендік байрағын көкте желбіреткеніне, міне, 27 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде Қазақстан тамырын тереңге жайып, өрісін кеңейтіп, кемелдене түсті. Сынағы көп сындарлы кезеңнен сүрінбей өтіп, мәртебесі биік, тұғыры берік, мерейлі мемлекетке айналдық. Еуразияның жүрегінде орналасқан жаңа елорда — жаңғырған Қазақстанның символы саналады. Биыл Ақордалы Астанамыздың 20 жылдығын жұрт болып жұмылып, жоғары деңгейде атап өттік. Бұл мерейтойға еліміздің барлық өңірі атсалысып, шаһарымыздың көркейе түсуіне зор үлес қосты. Еліміз бүгінде әлемдік бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарында. Жаһан жұртшылығы Қазақстанды мойындап, сенімді серіктес ретінде таныды. Өңірлік проблемаларды шешу ісінде салиқалы саясат ұстанған біздің ұранымыз әрдайым татулық пен тұрақтылық болды. Қазіргі таңда мемлекетіміз халықаралық ұйымдардың бітімгерлік жұмысына белсене атсалысып отыр, — деді Президент.

Мемлекет басшысы ХХІ ғасырдың екінші онжылдығында Қазақстан жаңа белестерді бағындыруға кіріскенін айтты. Биылғы қаңтар айында Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ету — соның айқын дәлелі.

Қазақстан екі жыл бойы осы кеңестің тұрақты емес мүшесінің мәртебелі миссиясын атқарып келеді. Бейбітшілікті жақтайтын мемлекетіміз осылайша халықаралық қауымдастыққа кеңінен танылды. Құрметті халайық! «Ел қуатты болмай, егемендік тұрақты болмайды» деген қанатты қағида бар халқымызда. Сондықтан біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз анық, мұратымыз асқақ. Орнықты дамуға жол ашатын мемлекеттік бағдарламалар мен тың бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, ел экономикасын жаңғыртуға бағытталған цифрландыру процесі қарқынды жүріп жатыр. Халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейтін «Бес әлеуметтік бастама» еліміздің дамуына оң серпін берді. Биылғы қазан айындағы Жолдауым азаматтарымыздың тұрмыс сапасын арттыру мәселесіне арналды. Жаһандық бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің өзгеше моделін құруға қадам бастық. Қазіргі таңда ұлттық сананың жаңаруына тікелей ықпал ететін Үшінші жаңғырудың мәні зор. Соның аясында биыл Түркістан қайта түлеп, облыс орталығы мәртебесін иеленді. Ғасырларды жалғап келе жатқан түркі жұртының рухани астанасы лайық орнын алды. Шырайлы Шымкент халқының саны бір миллионнан асып, еліміздегі үшінші мегаполис атанды. Сөйтіп Алматы және Астана сияқты республикалық маңызы бар қалалардың қатарына қосылды, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев ширек ғасырдан астам уақыт ішінде азат елде ойы сергек, танымы терең жаңа буын өсіп-жетілгенін айтты. 90-жылдары дүниеге келген балалар бүгінде азамат болып, мемлекетті дамытуға атсалыса бастады.

Жуырда жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаламда әлемдік өркениетке қосқан үлесімізді кеңінен атап көрсеттім. Жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу арқылы ел егемендігін баянды ете аламыз. Сонда ғана келешек ұрпағымыздың рухы биік болып, жан дүниесі жаңарады. Ұлттық код пен рухани жаңғырудың бір қыры осында деп білемін. Қазақстанның біртұтастығы, ұлтымыз бен жұртымыздың терең мәдениеті беделімізді биіктете түседі. Ардақты ағайын! Бүгін тәуелсіздігімізді баянды, келешегімізді кемел етуге күш салып келе жатқан баршаңызға шынайы көңілден ризашылығымды білдіремін. Барлық бастамама қолдау көрсетіп, ақ тілегін жеткізген халқыма алғысым шексіз. Сіздерді жаңа белестерді бірлесе бағындыруға, мәңгілік елімізді бірге нығайтуға шақырамын. Ұлт мүддесі мен мемлекет мұратын, тәуелсіздік туын әрдайым биік ұстайық! Баршаңызды Тәуелсіздік күнімен тағы да құттықтаймын! Қазақстан жасай берсін! Мемлекеттігіміз мәңгі болсын! — деді Қазақстан басшысы.