Ақордада бір топ қайраткерге мемлекеттік наградалар тапсырылды

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік күнін тойлау қарсаңында Астанада бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен, атақтармен және мемлекеттік сыйлықтармен марапаттады.

Мемлекет басшысы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын, Алтын жұлдыз бен «Отан» орденін «Ақтөбе қаласы сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» ҚБ төрайымы Құралай Байменоваға, Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданындағы «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Сайрамбай Дөненбаевқа және Шымкенттегі А.С.Пушкин атындағы № 1 мектеп-гимназиясының мұғалімі Алина Соловьеваға табыс етті.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов «Құрмет» орденімен марапатталды. «Құрмет» орденіне Қазақ ұлттық хореография академиясының оқытушысы Людмила Макарцева мен Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінің бас дирижеры Дінзухра Тілендиева да лайық деп танылды. Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев пен Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұловты «Парасат» орденімен марапаттады.

«Парасат» ордені Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловқа, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат жетекшісі Саян Ахметжановқа, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаевқа, «ҚР Президентінің Телерадиокешені» АҚ бас директоры Ерлан Бекқожинге, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовке, Uniserv ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрғазы Сәтбаевқа және Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановқа да берілді.

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы актриса Самал Еслямоваға және Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының бас оқытушысы Ян Рудковскийге берілді.

ІІ дәрежелі «Айбын» орденіне Алматы полиция департаментінің жол-патруль полициясының инспекторы Азамат Балтабаев ие болды.

ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін Қызылорда облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің №2 өртке қарсы мамандандырылған бөлімшесінің командирі Ермекбек Пазлиев иеленді.

І дәрежелі «Барыс» ордені еңбек ардагері Жәнібек Кәрібжановқа және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевқа берілді.

ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен «Ұлттық ғылыми-медициналық орталық» АҚ басқарма төрағасы Абай Байгенжин, Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Сұлтан Оразалы марапатталды.

Қостанай облысындағы «Диевская» агрофирмасы» ЖШС бас директоры Олег Даниленко мен Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев ІІІ дәрежелі «Барыс» орденін алды.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін Kazakhmys Smelting ЖШС Балқаш мыс балқыту зауытының жұмысшысы Теміржан Бекжановқа табыс етті.

ІІ дәрежелі «Даңқ» ордені ҰҚК Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің бастығы Асқар Ақшаевқа, Қорғаныс министрінің орынбасары Мүсілім Алтынбаевқа, Алматы прокуроры Берік Жүйріктаевқа және ҚР Әуе қорғанысы күштерінің Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы Дәурен Қосановқа берілді.

«Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен Мемлекеттік күзет қызметінің «Айбын» президенттік полкының 0112 әскери бөлімі бөлімшесінің командирі Әділхан Төребеков  марапатталды.

Қазақстан Республикасының 2018 жылғы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығы «Алқоңыр дүние» өлеңдер мен балладалар жинағы үшін ақын Тыныштықбек Әбдікәкімовке, «Абай» операсы үшін «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының авторлар ұжымы — Төлеубек Әлпиевке, Алан Бөрібаевқа, Сүндет Байғожинге, «Анаға апарар жол» көркем фильмі үшін Ақан Сатаевқа, Әлия Назарбаеваға, Тимур Жақсылықовқа, Алтынай Нөгербекке, Әділ Ахметовке, «Ана сыры» өлеңдер мен балладалар жинағы үшін ақын Ақұштап Бақтыгерееваға және «Шуақты шақ» жыр жинағы үшін ақын Өтеген Оралбаевқа берілді.

Бүгін біз ең үздіктерді, Отанның нағыз патриоттарын мадақтап жатырмыз. Олар еліміздің даму мақсатында бар ерік-жігерін салып жатыр. Бүгін еліміздің барлық өңірінде менің атымнан марапаттау рәсімдері өтіп жатыр, — деді Нұрсұлтан Назарбаев Ақордадағы марапаттау салтанатында.

Президенттің айтуынша, жалпы Тәуелсіздік күніне орай еліміздің 1600 азаматы марапатталады.

ДереккөзTengrinews.kz