Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

«Алакөл алаулары – 2026»: туристік маусым отшашумен ашылды

Фото: gov.kz
Бүгін Алакөл жағалауында биылғы туристік маусымның ресми ашылуына арналған «Алакөл алаулары – 2026» фестивалі өтті. Ауқымды шараға облыс әкімі Берік Уәли қатысып, тұрғындар мен демалушыларды туристік маусымның ашылуымен құттықтады.

Аймақ басшысы Алакөлдің табиғи ерекшелігі мен тарихи маңызына тоқталып, көлдің бүгінде еліміздің ғана емес, шетелдік туристер де қызығушылық танытатын бірегей демалыс орнына айналғанын атап өтті.

«Сонау есте жоқ ескі замандардан сұлулықтың символы, даламыздың ең бір есте қалар көркем нүктесі ретінде ғалымдар мен саяхатшылардың, жиһангездердің жазбаларында тұтас Азия мен Еуропаға аты кеткен даңқты мекен Алакөл. Бүгінде Алакөл еліміздің түпкір-түпкірінен ғана емес, көршілес мемлекеттер мен алыс шет елдерден туристер ағылып келетін ұйық мекен, жан тыныштығын сыйлайтын қайырлы қонысқа айналды. «Алакөл алаулары» фестивалі биыл тұңғыш рет өткізіліп отыр. Бүгінгі шараға Қазақстанның Халық әртісі Секен Тұрысбек бастаған еліміздің маңдайалды өнерпаздары, бүгінгі жас толқынның дарынды дауылпаздары арнайы келді. Баршаңызды еліміздің інжу-маржаны, ауасы бал, суы ем қасиетті Алакөлдегі биылғы жазғы демалу маусымы басталуымен шын жүректен құттықтаймын», – деді Берік Уәли.

Аймақ басшысы осындай концерттік бағдарламалар тамыз айына дейін жалғасып, аптасына екі рет, сәрсенбі, сенбі күндері ұсынылып отыратынын айтты. Өңірдің қала-аудандарының өнерпаздары, «Абай елі – өнер кеніші» облыстық байқауына қатысқан әнші, биші, күйшілер келіп, демалушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын болады.

Фестиваль аясында Қазақстанның Халық әртісі, күйші-композитор Секен Тұрысбек, дәстүрлі ән өнерінің өкілі Дінисламбек Жайлаубай, сондай-ақ, қазақ эстрадасының танымал жұлдыздары Дана Кентай, Еркеш Хасен, Қанай және Зарина Омарова өнер көрсетті. Өнерпаздардың әсем әндері мен күмбірлеген күйлері Алакөл жағалауына жиналған көрермендерге ерекше әсер сыйлап, мерекелік кештің сәнін кіргізді. Шара мерекелік отшашумен аяқталды.

Айта кетейік, туристік маусым қарсаңында Алакөл жағалауында инфрақұрылымды жаңарту және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Президент тапсырмасы аясында демалушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында жағалауға 50-ден астам санитарлық-гигиеналық торап орнатылып, 35 душ кабинасы, 110 киім ауыстыру орны, 100 қоқыс контейнері және 150 қоқыс жинауға арналған контейнер жаңадан қойылды.

Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жағалауға ұзындығы 5 мың метр болатын қалқаншалар орнатылды. 224 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Соңғы екі жылда көл жағалауында 10 шақырым көше жолдарына асфальт төселді. Ерекше атап өтерлігі, биыл Үкіметтің қолдауымен ұзындығы 72 шақырым болатын «Көктал-Алакөл» электр желісінің құрылысы басталды. Бұл жоба Алакөл жағалауындағы электр қуаты тапшылығы мәселесін түбегейлі шешуге мүмкіндік береді.

Мақалаға реакция