Алматыда цифрландырудың арқасында емханада кезек күту уақыты 30%-ға қысқарды

Алматыда Тәуелсіздік күніне орай қалаға жаңадан қосылған аудандарда тағы да бірқатар жаңа әлеуметтік нысан бой көтерді. Алматы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Бауыржан Байбек жұмыс сапары кезінде Алматының Наурызбай ауданындағы жақында салынған №26 емхананы және Алатау ауданындағы №186 балабақшадағы жұмысты көрді.

Қаланың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаев 500 адамға қызмет ететін емхананың 1939 жылы салынған ескі селолық аурухана орнына салынғанын айтты. Заманауи жабдықтары бар медициналық мекеме Таусамалы, Тастыбұлақ, Таужолы, Қарағайлы, Құрамыс және Қарғалы елді мекендерінің 30 мыңға жуық тұрғынына қызмет көрсетеді.

Алматыда денсаулық сақтау саласының ашықтығы мен сапасын арттыру үшін пәрменді шаралар қабылданады. Осыған орай тиісті Жол картасы жасалды. Қазірдің өзінде цифрландырудың арқасында сырқаттарға қызмет көрсету уақытын 20%-ға, кезек күтуді 30%-ға қысқартуға, дәрігерді үйге шақыруды 1,5 есе жеделдетуге қол жетті, — деді Қанат Төсекбаев.

Бұдан соң Бауыржан Байбек «Саялы» ықшамауданындағы қазақша дәріс беретін 320 орынды №186 балабақшада болды. Мектеп жасына дейінгі мекемеде 16 топ бар. Оның әрқайсысында баланың жасына қарай оқытудың өзіндік әдістері — Монтессори, Дьенеш блоктары, құм терапиясы және басқалары қолданылады. Балдырғандарды қабылдау 19 желтоқсаннан басталады. Өтініштер Open Almaty қоғамдық қабылдауы арқылы қабылданады.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, 10 жыл ішінде Алатау ауданын дамытуға 430 миллиард теңге жұмсалды, 30 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, 2,7 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды, 12 мектеп, сонша медициналық мекеме, 98 мемлекеттік және жекеменшік балабақша ашылды.

Соңғы үш жыл ішінде Наурызбай ауданында бес медициналық мекеме, екі мемлекеттік мектеп, екі мемлекеттік және 65 жеке балабақша салынды. Ауданның әкімшілік-іскерлік орталығы бой көтерді, мұнда аудандық әкімдік, ХҚКО, АХАЖ, прокуратура, сот және басқа мекемелер бар.