ЮНЕСКО қымызмұрындық пен айғыр қосуды адамзаттың мәдени құндылығы деп таныды

Қорқыт ата мұрасы мен қазақ атбегілерінің көктемгі жоралғылары Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Материалдық емес мәдени мұраны (МЕММ) қорғау жөніндегі үкіметаралық комитет аталған қазақстандық ұсыныстарды Маврикий Республикасының астанасы Порт-Луиде  өтіп жатқан 13-сессиясы аясында мақұлдады. Қазақстан ЮНЕСКО-ның осы беделді құрылымының жұмысына алғаш рет толыққанды мүше ретінде қатысып отыр. Отандық делегацияның құрамында ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссия мен ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдік қызметкерлері, МЕММ саласындағы сарапшылар, Қызылорда облысының әкімдігі мен «Ұлытау» қорық-мұражайының өкілдері бар.

«Қорқыт ата мұрасы: эпос мәдениеті, халықтың аңыз әңгімелері мен әуендері» номинациясын Қазақстан, Әзірбайжан және Түркия бірлесе әзірлеп, ұсынды. Қобызшы Мақсат Мұхамеджан көпшіліктің алдында Қорқыттың «Қоңыр» күйін орындап, бүкіл әлемнен жиналған қауымның көңілінен шыға білді. Сессия барысында Қорқыт күйлерін орындау дәстүрінің мың жылдан астам уақыттан бері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқаны және түркі халықтарының ортақ тамырларын көрсететіні айтылды, — делінген хабарламада.

Ал «Қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі әдет-ғұрыптары» номинациясы халқымыздың қымызмұрындық, бие байлау және айғыр қосу деген жоралғыларын қамтиды. Олардың бүгінге дейін жалғасуының дәлелі ретінде Қарағанды облысының Терісаққан ауылында жыл сайын өткізіліп келе жатқан салт-дәстүр мерекесі келтірілді.

Жылқының қазақтың ұлттық сана-сезімінде алатын орны ерекше, яғни үкіметаралық комитеттің бұл шешімі жылқы десе, ішкен асын жерге қоятын біздің халқымыз үшін қуанышты болатыны сөзсіз, — делінген министрліктің хабарламасында.

Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілінің орынбасары Асқар Әбдірахмановтың айтуынша, үкіметаралық комитеттің бұл шешімі барша отандасымыз үшін зор мақтаныштың арқауына айналады, себебі Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жақында жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында б.д.д. IV мыңжылдықтағы Ботай мәдениетін зерттеудің нәтижелеріне сәйкес Қазақстан адам баласы атты алғаш қолға үйреткен жер екенін айтқан еді, бұл дәстүр бүкіл адамзат өркениетінің дамуына үлкен әсер етті.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитет 13-сессиясында Материалдық емес мұраны қорғау жөніндегі конвенцияға Қазақстанның 2011 жылғы желтоқсанда қосылғаннан бері атқарған жұмысы туралы есепке оң баға берді.

Жиналыстың ашылуында қатысушылар қазақ атбегілерінің жоралғылары бойынша номинацияның авторы болған және одан бұрын Дүниежүзілік мұра тізіміне Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Тамғалы петроглифтерін қосуға белсенді атсалысқан қазақстандық маман Елена Хорошты еске алып, бір минут үнсіздік жариялады.

2018 жылғы маусымда Материалдық емес мәдениетті қорғау жөніндегі конвенцияға тарап-мемлекеттердің Парижде өткен 7-сессиясында тартысты бәсекелестіктің нәтижесінде еліміз аталған комитеттің құрамына алғаш рет сайланды.

Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне Қазақстан тарапынан енгізілген элементтердің қатары осымен 10-ға жетті. Бұған дейін оған домбыра күйін орындау мен киізүй құру өнері, айтыс, қазақ күресі, Наурызды мерекелеу, құсбегілік, қатырма нан пісіру, асық ойыны енгізілген еді.