Алматыда Жеңіс күніне орай Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне біржолғы әлеуметтік төлемдер берілді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Әкімдіктің мәліметінше, қалада 15 ардагерге 5 миллион теңгеден материалдық көмек көрсетілді. Мұндай қолдау жыл сайын 9 мамыр қарсаңында Екінші дүниежүзілік соғыс қатысушылары мен мүгедектеріне беріледі.
Сонымен қатар 1969 жылы Даманский аралы маңында және Жалаңашкөл көлі ауданында болған әскери қимылдарға қатысқан 17 адамға 200 мың теңгеден төлем жасалды. Бұдан бөлек, 100 мың теңгеден 1353 соғыс ардагерлеріне теңестірілген азамат, басқа мемлекеттер аумағындағы әскери қимылдарға қатысқан 2955 ардагер, сонымен қатар соғыс жылдарында жанқияр еңбек етіп, орден-медальдармен марапатталған 4713 тыл еңбеккері алды. Сонымен қатар қайтыс болған соғыс ардагерлерінің 191 жұбайына 50 мың теңгеден берілді, — делінген хабарламада.
Төлемдер 2023 жылғы 8 желтоқсанда қабылданған Алматы мәслихатының №73 шешіміне сәйкес жүзеге асырылды. Материалдық көмек «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының тізімдері негізінде, азаматтардың өтінішінсіз төленді.
Еске салайық, Екінші дүниежүзілік соғысқа шамамен 1,2 миллион Қазақстан азаматы қатысқан. Қазір елімізде соғыстың 83 ардагері арнайы мемлекеттік жәрдемақы алып отыр.
