Күздің соңғы күні. 30 қарашадағы ауа райы туралы болжам

Қарашаның 30-ы күні Қазақстанның аумағы белсенді фронтты аймақтың ықпалында болып, жауын-шашын жауады, жел күшейеді, солтүстікте бұрқасын соғады. Ауа температурасы төмендейді. «Қазгидромет» мамандары осындай болжам жасап отыр.

Мамандардың мәліметінше, бүгін республика бойынша түрлі өңірде тұман түсіп, көктайғақ болады. Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында арагідік 15-20 м/с жел соғып, кей жерлерде жел екпіні секундына 30 метрге жетеді және одан асады. Тұман түсіп, көктайғақ болады, бұрқасын соғады. Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында қар жауады.

Түркістан, Алматы облыстарында да 15-20 м/с жел соғып, жел екпіні арагідік секундына 23-28 метрге жетеді, тұман түсіп, көктайғақ болады, бұрқасын соғуы мүмкін.

Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының кей жерлерінде 15-20 м/с жел соғып, тұман түседі, жаяу бұрқасын соғады. Қызылорда облысында 15-20 м/с жел соғып, тұман түсуі мүмкін, көктайғақ болады. Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында да күн тұманды болады. Павлодар облысында бұрқасын соғып, көктайғақ болады. Ауа температурасы 25 градус аязға дейін төмендейді. Маңғыстау облысының кей жерлерінде 15-20 м/с жел соғады.

Ақмола облысында 15-20 градус, кей жерлерде 25 градусқа дейін аяз болады. Астанада қар жауып, бұрқасын соғады, көктайғақ болады. Оңтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-батысқа ауысады, жел екпіні арагідік секундына 25 метрге жетеді. Ауа температурасы 15-17 градус аязға дейін төмендейді.

Қызылорда, Қостанай, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау облыстарында және Астана мен Алматыда төтенше ескерту жарияланды.

Алматыда соңы қарға айналатын жауын-шашын жауып, көктайғақ болады. Жел екпіні секундына 15 метрге дейін жетеді. Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға сақ болуды ескертті.

Еске салайық, бұған дейін «Қазгидромет» РМК мамандары 29 қарашадан 2 желтоқсанға дейінгі аралықта Қазақстанның басым бөлігінде cуық болатынын хабарлаған еді. Мамандардың мәліметінше, Баренц теңізі аймағынан арктикалық ауа массалары келіп, оңтүстік-батыс тропосфералық ағынының солтүстік-батысқа ауысуына байланысты күн суиды. Сонымен бірге Қара теңіздегі циклонмен байланысты атмосфералық фронттар республиканың солтүстік жартысы арқылы жылжып, қардың жаууына, бұрқасынға, батыстан күшті желдің соғуына, оңтүстік өңірлерде тұман мен көктайғаққа себеп болады.