Астана әкімі Бақыт Сұлтанов Өзбекстанның Олий Мәжілісі заң шығару палатасының спикері Нурдинжон Исмоиловпен кездесті. Бұл туралы әкімнің баспасөз қызметі хабарлады.
Өзбек парламентарийі іссапармен Астанаға алғаш рет келгенін айтып, Қазақстан астанасының даму деңгейіне жоғары баға берді.
Бұл — әлемдегі ең әдемі қалалардың бірі. Ол жоғары деңгейдегі жайлылыққа қол жеткізген. Президенттеріңіз Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуекелшілдігінің арқасында осы қала салынды. Ол енді маған да ұнайды. Мұндай әдемі қалаға жел де, аяз да кедергі келтіре алмайды, — деді Нурдинжон Исмоилов Астана әкіміне.
Нурдинжон Исмоилов Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы туралы пікір білдірді.
Өте пайдалы мақала. Біздің келер ұрпақ Ұлы даланың тарихын білуі керек, — деді Олий Мәжіліс заң шығару палатасының спикері.
Тараптар Қазақстан мен Өзбекстанның екіжақты қарым-қатынасы жыл өткен сайын нығайып келе жатқанын айтты.
Соңғы кездері елдер арасындағы сауда-экономикалық әріптестік жаңа деңгейге көтерілді. Айталық, 9 айдың ішінде екі ел арасындағы тауар айналымы 2 миллиард долларға жеткен. Бұл 2017 жылдың бір жылдық табысымен бірдей. Бақыт Сұлтанов 2017 жылы Астана мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 288 миллион доллар болғанын айтты. Оның ішінде экспорт — 174 миллион, импорт — 114 миллион доллар.
Астанада біздің сауда қарым-қатынасымыздың өсуіне лайықты өте ыңғайлы жағдай жасалған, — деді Бақыт Сұлтанов.
Қала әкімі екі ел үкіметінің көлік-логистика инфрақұрылымы мен қуатын дамытуға қатысты қабылдаған шаралар таяу арада екі жақтың да тауар айналымын айтарлықтай ұлғайта түсетініне сенім білдірді. Ол сонымен бірге Ташкенттің Астананың ең бірінші серіктесі болғанын, осы жылы екі ел астанасының арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі уағдаластыққа қол қойылғанына 20 жыл болғанын хабарлады.
Әріптестігіміздің беріктігін есепке ала отырып, Астана мен Ташкент арасындағы қарым-қатынасты бауырластыққа дейін көтеру мәселесін қарастыруды жөн деп санаймын, — деді Астана әкімі.
