Басты бет / Жаңалықтар /
сел
Фото: ТЖМ

Сел қаупі кезінде не істеу керек? ТЖМ қауіпсіздік ережелерін еске салды

Төтенше жағдайлар министрлігі сел қаупі кезінде сақталуға тиіс негізгі қауіпсіздік ережелерін жариялады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр. Мамандардың айтуынша, сел тасқыны – таулы аймақтарда жиі кездесетін, аса қауіпті табиғи апаттардың бірі. Оның жойқын күші тұрғын үйлерге, жолдарға және инфрақұрылымға айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін.

Сел қаупінің негізгі белгілері

ТЖМ мәліметінше, сел қаупінің туындауына мынадай жағдайлар себеп болуы мүмкін:

  • ұзақ әрі қарқынды нөсер жауын;
  • мұздық көлдердің арнасынан асып кету қаупін арттыратын ауа температурасының күрт көтерілуі;
  • өзендегі су деңгейінің күрт өзгеруі;
  • су лайланып, ағысының күшеюі.

Сел қаупі төнсе не істеу керек?

Сел қаупі туралы ескерту берілсе немесе оның алғашқы белгілері байқалса, мамандар тұрғындарға ғимараттан тез арада шығып, қауіпсіз жерге эвакуациялануға кеңес береді.

Үйден шығар алдында:

  • пештегі отты толық өшіру;
  • газ крандарын жабу;
  • электр қуатын ажырату;
  • барлық электр құрылғысын тоқтан ажырату қажет.

Тұрғын үй сел қаупі жоғары аймақта орналасса, алдын ала жеке құжаттарды, дәрі-дәрмектерді, жылы киімдерді, ауыз су мен азық-түлікті арнайы сөмкеге салып дайындап қойған жөн.

Қандай қауіпсіздік шараларын сақтау қажет?

Төтенше жағдайлар министрлігі сел қаупі бар өзендердің маңында тұратын немесе демалатын азаматтарға ерекше сақ болуға кеңес береді.

Атап айтқанда:

  • сел қаупі бар өзен арналарына жақын бармау;
  • жоғарғы бөлігінде мұздық көлдері бар өзендердің маңында демалмау;
  • қозғалып келе жатқан селге 50–70 метрден жақындамау;
  • тік жартастар мен құлама беткейлердің жанында тұрмау.

Селдің жақындаған белгілері байқалса, өзен арнасынан дереу алыстап, тау беткейімен жоғары көтерілу қажет.

Мамандар сел толқыны өткеннен кейін де өзен арнасына бірден түспеуге кеңес береді. Себебі сел қайталануы немесе жердің опырылуы мүмкін.

ТЖМ тұрғындарды ресми хабарламаларды мұқият бақылап, қажет болған жағдайда алдын ала белгіленген эвакуация бағыты бойынша қауіпсіз жерге шығуға шақырды.

Естеріңізге сал кетейік, 2026 жылғы 1 шілдеде сел қаупіне байланысты Алматының Наурызбай ауданында тұрғындар эвакуацияланған еді.

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram