Астанада Қазақстанның туристік брендінің тұжырымдамасы таныстырылады

7 желтоқсан күні Астанада алғашқы тұжырымдамалық форум өтеді. Travel Media Talks шарасында отандық туризм индустриясын дамыту тетіктері қарастырылады.

Форум «Жаһандық цифрландыру дәуіріндегі туризм: жаңа ұрпаққа бағдар» тақырыбында өтеді. Шара бағдарламасы бойынша панельдік пікірталастар мен шеберлік сағаттары, жаһандық трендтер мен болашақта туризмнің қалай дамитынына қатысты болжамдар туралы эксклюзив бейнематериалдар таныстырылады.

Қазіргі заманның саяхатшысы қандай және жаңа технологиялар оны қалай өзгертеді? Қазақстан өзіндік туристік брендін қалыптастыра алды ма? Бұл саланы дамытуға кедергі болып тұрған басты себеп не? Туристік маркетингте неліктен сторителлинг, контент-маркетинг және ивент-менеджмент сынды құралдар басқаларына қарағанда тиімдірек? Туризм индустриясы аудиориямен байланыс орнатар кезде қандай кедергілерді еңсеруі тиіс? Осы және басқа да сұрақтарға Travel Media Talks спикерлері жауап береді.

Шара кезінде еліміздің туристік брендінің тұжырымдамасы тұңғыш рет таныстырылады. Бұл құжатты медиаиндустрия және маркетинг саласында пайдалану мүмкіндіктері де талқыланады.

Форумға салалық мемлекеттік ведомстволардың қызметкерлері, кәсіпкерлер, туроператорлар, қауымдастықтар мен агенттіктердің және БАҚ өкілдері, блогерлер, қоғам белсенділері мен тағы басқалар қатысады. Қазақстандық сарапшылардан бөлек Үндістан, Украина, Беларусь және Қырғызстаннан келген мамандар да пікір білдіреді.

Жобаның мақсаты — Қазақстанда туризм саласының қалыптасуына әсер ететін ерекшеліктерді талқылау, цифрландыру бағытында дамып жатқан әлем көшіне ілесу үшін нақты қадамдарды анықтау.