Үкімет басшысы әкімдерге азық-түлік бағасын өсірмеуді тапсырды

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2018 жылдың 9 айындағы инфляция деңгейі мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын өсірмеу шаралары баяндалды.

ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, еліміздегі қазіргі жағдай туралы Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев пен Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов және Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев айтып берді.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2018 жылдың басынан бері инфляция деңгейі 5-7% аралығында сақталып отыр. Қыркүйек айында инфляция 0,4% болса, жыл басынан бері 3,3% болды.  Жылдық инфляция 6,1%-дық көрсеткішті көрсетті.

Өңірлер тұрғысынан алғанда бірқатар өңірлерде баға орташа республикалық деңгейден асып түскен. Бұл жағдай Маңғыстау, Атырау, Павлодар облыстары мен Астанада, Шымкентте және Алматыда байқалады. Артық көрсеткіш 0,1–0,8 аралығында болып отыр, — деді Руслан Дәленов.

Оның айтуынша, бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің тізіміне (ұн, нан, макарон, қарақұмық, күріш, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қант, күнбағыс майы мен сары май, сиыр және тауық еті, сүт, айран, жұмыртқа, тұз, сүзбе) азық-түліктің 19 түрі кіреді. Биылғы 9 айда осы тауарлардың бағасы 0,7%-ға өскен.

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев қосымша шараларды қабылдамай-ақ инфляция 5%-дан 7%-ға дейінгі мақсатты дәлізде сақталады деп болжанып отырғанын айтты.

Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев Өңірлік тұрақтандыру қорларының қызметі мен нарықты отандық азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету туралы баяндады. Оның мәліметінше, жылдың басынан бері республика бойынша барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының аздап өскені байқалады. Барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының ең жоғары өсуі Түркістанда (4,7%), Шымкентте (4,5%), Жезқазғанда (3,7%) байқалды. Алматы, Ақтау, Қарағанды, Қызылорда, Орал мен Семейде баға 1%-ға дейін төмендеген.

Ауыл шаруашылығы министрлігі және облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент  әкімдіктері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында нақты шаралар қабылдап жатыр. Өңірлерде азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру жүргізіледі. 2018 жылдың 20 қыркүйегіндегі жағдай бойынша тұрақтандыру қорларындағы тауарлық интервенциялар жүргізуге арналған қор 4,5 мың тонна, алмастыруға берілгендер және жауапты сақтауға берілгендер 3,8 мың тонна болды. Қолда бар 4,5 мың тоннаның 2,16 мыңы — қант, 0,71 мың тоннасы — күнбағыс майы, 0,67 мың тоннасы — ұн, 0,577 мың тоннасы — қарақұмық жармасы және 0,354 мың тоннасы — макарон өнімдері, — деді Арман Евниев.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, ӘКК есепшоттарында 5,1 миллиард теңге қаражат бар. Қантқа қатысты жағдайға байланысты министрлік қолда бар қаражатты өңірлерге 10 мың тоннаға дейін қант сатып алуға жұмсауды ұсынды.

Отырыс барысында өңірлердегі қазіргі жағдай мен бағалардың өсуіне жол бермеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Астананың және Маңғыстау, Атырау, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарының әкімдері баяндады.

Премьер-министр кейбір өңірлерде азық-түлік өнімдерінің бағасы орташа республикалық көрсеткіштен жоғары екенін айтты.

Жергілікті атқарушы органдар баға нарығын реттеу мақсатында өңірлік тұрақтандыру қорларының мүмкіндіктерін тиімді пайдалануы тиіс, яғни сатып алуларды уақытылы жүргізіп, тауарларды жаңартуы, негізгі азық-түлік өнімдерін арттыруы тиіс. Аталған жұмыстардың барлығы әкімдіктердің тұрақты бақылауында болуы керек. Мониторингті күшейтіп, қажет болған жағдайда барлық ресурсты жылдам іске қосуды тапсырамын, — деді Бақытжан Сағынтаев.