Тимур Сүлейменов пен Данияр Ақышев инфляция деңгейінің артуы мүмкін екенін айтты

Бүгін Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2018 жылдың 8 айындағы инфляция деңгейі туралы деректер қаралды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің баяндауынша, жыл басынан бері инфляция деңгейі жаңа 5-7% дәлізі аралығында сақталып отыр. Тамызда инфляция 0,2% болса, жылдың басынан бері 2,9%-ға жетті. Жылдық инфляция 6% болды.

Осы жылдың басынан бері 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда инфляцияның барлық құрамдауышы бойынша баға өсуінің бәсеңдегені байқалып отыр. Азық-түлік тауарларына баға 2,3%-ға өсті. Азық-түлік емес тауарлардікі – 3,6%. Ақылы қызметтерге бағалар мен тарифтер 3%-ға өсті

, — деп хабарлады Ұлттық экономика министрі. Оның айтуынша, азық-түліктен басқа тауарлардың бағасы көп өсіп отыр. Әсіресе, дизель отыны, аяқкиім, сұйытылған газ, дәрі-дәрмек және тұрмыстық бұйымдар бағасының өскені байқалды. Тимур Сүлейменовтің айтуынша, ақылы қызметтердің бағасы орташа қарқынмен өсті.

Ақылы қызметтердің ішінде бағасы ең көп өскені — әуе және теміржол көлігі қызметтері, құқықтық қызметтер. Сонымен бірге автомобильдерге техникалық қызмет көрсету және қонақүй қызметтерінің бағасы төмендеді

, — деді ол. Жыл басынан бері өңірлік бөліністе жоғары инфляция деңгейі, орташа республикалық деңгейден (2,9%) шамамен 1%-дық тармаққа асып, Атырау (3,8%), Маңғыстау (3,8%) өңірлерінде байқалады. Орташа республикалық деңгейден аз ғана Солтүстік Қазақстан (3,3%), Қызылорда облыстарында (3,2%), Астанада (3,2%) және Павлодар облысында (3,1%) асты.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, теңгенің әлсіреуі баға мен тарифтерге қысым көрсетеді. Баға мен ұлттық валютаның арасындағы жоғары корреляцияны ескере отырып, қазіргі теңге бағамында инфляция деңгейі 1%-дық тармаққа ұлғаюы мүмкін.

Теңгенің біршама әлсіреуін және инфляцияның маусымдылығын ескере отырып, 2018 жылдың қорытындылары бойынша инфляция деңгейі бағалау бойынша жаңа аралықтың жоғарғы деңгейіне жақын болады — шамамен 6,6%–6,8%. IV тоқсанда инфляциялық процестердің күшейетінін назарға ала отырып, жергілікті атқарушы органдар тұрақтандырушы қорларын уақытылы толықтыруы, бағаға мониторинг жасай отырып, көмір мен дизель отынының үзіліссіз жеткізілімдері бойынша жұмысты күшейтуі қажет

, — деді Тимур Сүлейменов.

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Ұлттық банктің болжамдары бойынша инфляция деңгейі 2018 жылға жоспарланған дәлізде сақталатынын, алайда 2019–2020 жылдары белгіленген дәлізден асуы мүмкін екенін айтты.

Біріншіден, бұл Ресей Федерациясына қарсы санкциялар режимімен байланысты, екіншіден, бұған мұнай бағасының төмендеуі себеп, үшіншіден – әлеуметтік шығындар мен несиелердің өсімі себеп

, — деп нақтылады Данияр Ақышев.

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев мәселені қарау қорытындысы бойынша тауарлар мен қызмет түрлеріне бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуді қатаң бақылауға алуды тапсырды. Аталған мәселе ай сайын қаралып отырады.