Не болды?
Атырау облысы Жаңгелдин ауылындағы бір отбасының өліміне қатысты іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Іс бойынша айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиевке жаңа айып тағылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Бүгін Атырау облысының сотында прокурорлар айыптау актісінің жаңа нұсқасын жариялады.
Тергеу нұсқасы бойынша, Сәрсемәлиев қайын атасы Мақсот Қарабалин мен қайын енесі Нәсіп Өтешқалиеваны бұған дейінгі Наурыз Мұқанғалиевтің өлімін жасыру мақсатында өлтірген.
Сондай-ақ бұрынғы балдызы Мейрамгүл Қарабалинаға қатысты айып та өзгерді. Тергеу мәліметінше, әйел психикалық сырқатқа шалдыққан, мүгедектігі бар және өзін қорғай алмайтын дәрменсіз жағдайда болған. Осы себепті тағы бір айып ауырлады.
Сәрсемәлиев қаза тапқан туыстарының атына рәсімделген мүгедектік жәрдемақысы мен зейнетақы төлемдерін заңсыз алған. Енді бұл іс ақпараттық жүйелерні қолдану арқылы жасалған интернет-алаяқтық ретінде бағаланып отыр.
Ал марқұмдарға тиесілі малды сату дерегі алаяқтықтан мал ұрлығы бабына қайта сараланған.
Сонымен қатар айыптау актісінен бұрын жазаны жеңілдететін себеп ретінде көрсетілген кінәсін мойындауы, өкінуі және бес кәмелетке толмаған баласының болуы туралы тармақ алынды.
Айыптау актісі жарияланғаннан кейін судья Зарема Хамидуллина айыпталушыға жаңа өзгерістерді түсіндірді.
Кейін жәбірленушілердің адвокаты Шынар Нұрмұратқызы Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиеваның некесін бұзу туралы Махамбет ауданы сотының шешімін жариялауды сұрады. Сот құжатында Ақбаян Мұқанғалиева 2022 жылы күйеуінің опасыздығынан кейін ажырасуға арыз беріп, отбасын сақтап қалу мүмкін емес екенін көрсеткені жазылған. Сот талап-арызды қанағаттандырған, ал Сәрсемәлиев ажырасуға қарсылық білдірмеген.
Адвокаттың айтуынша, бұл құжат қылмыстық іс материалдарына Ақбаян Мұқанғалиеваның ажырасу кезінде психикалық жағдайының тұрақты болғанын дәлелдеу үшін тіркелген.
Келесі сот отырысы 7 шілдеге белгіленді. Онда Сұлтан Сәрсемәлиев өзіне тағылған жаңа айыпты мойындай ма, сотта қайта жауап бере ме осы мәселелерге қатысты ұстанымын мәлімдейді.
Контекст
Естеріңізге салайық, биыл қаңтар айында Атырау облысында тұтас отбасының жоғалып кеткені белгілі болды. Кейін ерлі-зайыптының, одан соң олардың екі ересек баласының мәйіті табылған еді. Бұл қылмыс бойынша бұрынғы күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев айыпталып отыр.
